«Мэрлер бейбітшілік үшін» атты халықаралық қозғалыс аясында балаларды қорғау күніне арналған «Шексіз достық» плакаттар көрме-сайысы өтті. Шараны Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының облыстық қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі орталықтың баспасөз қызметінің мәліметіне жүгініп.
Жастар арасында шыдам мен келісім идеяларын, ядролық қарусыз бейбіт өмірді насихаттау және облыстың жалпы білім беретін мектептері оқушыларының тәжірибесін алмастыру мақсатында өткен көрмеге өңірімізден 75 оқушы қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен Аягөз ауданынан Мейіржан Өміржанов жүлделі 1-орынды жеңіп алды.
Зыряндық Катя Дементьева 2-орынды иеленсе, аягөздің тағы бір өкілі Мирас Қаттабаев 3-орынды еншіледі.
Жүлдегерлер Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы облыстық қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығының грамоталарымен марапатталды.