KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,7 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Семияр енді Жетіжар деп аталатын болады

12.01.2013, 18:00 194


Аудандағы үш тірек ауылының бірі болып саналатын Семиярда жаңалық, өзгеріс баршылық. Енді бұйыртса бұл ауыл Жетіжар деп аталатын болады. Соған орай облысқа тиісті құжаттар жіберілген көрінеді деп хабарлайды Altaynews kz тілшісі.

Өткен жылы аталған тірек ауылын көркейту мақсатымен жалпы құны бес жүз миллион теңгеге жуық 15 жобаны жүзеге асыру көзделген екен. Соның он үші жүзеге асырылыпты. Соның нәтижесінде ондаған жұмыс орны ашылған. Айталық, тек ауыл шаруашылығы бойынша төрт жоба қолға алынып, жаңадан отызға жуық жұмыс орны ашылыпты. Ал одан әрі нақтылай түссек, Шіліктікөл деген жерде 1500 бас ірі қара малын бордақылау алаңы іске қосылған. Қазірде мұнда екінші алаң құрылысы бітуге жақын. Семиярлықтар мұның сыртында мал басын асылдандыру ісін де назардан тыс қалдырып отырған жоқ.

Семияр ауылына сапар барысында жеке кәсіпкер Раушан Зияданова шағын наубайхана, шаштараз бен дәріхана да ашып алған. Бұл кісінің жолдасы Кеңесбек мал өсірумен шұғылданады.

Енді тірек ауылындағы іске асқан жобалар туралы әңгімемізді одан әрі жалғастырсақ, ауылды көркейтуге арналған бес жобаның бесеуі де орындалыпты. Соның нәтижесінде ауыл ішіндегі көлік жолдары мен жүргіншілерге арналған жолдар ретке келтірілген, көшелер жарықтандырылып, газондар егілген, ауыл іші қоқыстан тазартылып, қоқыс салатын арнайы урналар қойылған. Тірек ауылында ауыз су мәселесі де өз шешімін табуға жақын. Қазірде мұнда тартылатын су құбырының жобалау құжаттары дайын.

Тірек ауылындағы ең басты жаңалық өткен жылдың күзінде жаңа мектеп үйінің пайдалануға берілуі ме дейміз. Осы жаңа мектеп құрылысына деп облыстық бюджеттен 223 миллион теңге қаражат бөлініпті. Мұнда барлық пәннен жақсы жабдықталған кабинет бар. Үш интерактивті тақта, отыздан астам компьютер алынған. Спорт, акт залдары, кітапхана мен асхана мұның сыртында. Білім ордасының жаңа ғимараты теплофонмен жылытылуда.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары біздің ауыл аудан орталығы да болған екен. Соған қарамастан ауылымызда жаңа мектеп салынып отырғаны осы. Яғни, мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы дейді ауыл әкімі Қ.Байбекова мен мектеп директоры Р.Әбішева жарыса сөйлеп. Ал біз болсақ, Қарлығаш пен Райхан қарындастарымыздың бір түкпірдегі ауылды қайта түлетіп жатқанына сүйсіндік.

Мәлімет көзі Altaynews kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив