KZ
Өскемен
-4°
ясно жел 2 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Тірек ауылының көшелеріне асфальт төселді

6.06.2013, 18:00 200


Бұрын бұл ауыл Семеновка деп аталатын. Сол шақта мұндағы халықтың сексен пайызы басқа ұлт өкілдері болса, қазір керісінше ауыл тұрғындарының сексен пайызы өз қандастарымыз. Бүгінгі күні ауылдың атымен бірге затында да өзгеріс баршылық, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Әсіресе, сондай өзгеріс Қарабас Бесқарағай ауданындағы үш тірек ауылының біріне айналғаннан бері көбейіп келеді. Биыл орталықтағы Чехов көшесіне асфальт төселді. Сол игі шаруаға жеті миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Мұның сыртында төрт көше жарықтандырылды.

Ал өткен жылы ауыл саябағы қайта жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылған еді. Биыл мұнда гүл егіліп, би алаңы жасалып жатыр. Мектепке электр қазандығының орнатылуы игілікті шаруа болды. Өйткені, ол жылылықпен бірге тазалыққа да кепілдік беріп отыр. Ал бұл жұмысқа отыз миллионға жуық қаражат бөлініпті. Мектептің маңы да жарықтандырылып, абаттандырыла түсуде. Осындағы химия кабинеті мен кітапхананы жарақтандыруға да біршама қаржы бөлініпті. Енді биыл мектеп терезелері ауыстырылмақ. Cонымен бірге, биыл мектеп жанынан 25 орындық балабақша ашылып, футбол алаңы қатарға қосылмақ. Ал хоккей корты бұрыннан бар.

Тірек ауылында дәрігерлік амбулатория, пошта, полицияның тірек қосыны да бұрыннан жұмыс істеп тұр. Ал былтыр мұнда мал дәрігерлік қосыны ашылыпты. Оны ашып іске қосқан Сағындық Жұмаділов деген азаматқа жергілікті тұрғындар дән риза. Өйткені, мұнда дәрі-дәрмек, басқа да қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Соған орай ауылда мал аурулары азайған. Ауылдағы мал дәрігерлік қосыны сонымен бірге ірі қара малын шағылыстырумен де айналысатын көрінеді. Сол мақсатпен асыл тұқымды бұқалар сатылып алына бастаған екен. Ал ауыл тұрғындары үшін соның бәрі қажетті шаруа екендігі айтпаса да түсінікті.

Десек те бұл ауылда шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ деген ұғым тумаса керек. Айталық, мұнда осыған дейін су құбыры тартылмаған. Абырой болғанда бұл өзекті мәселе де қолға алынып жатқан көрінеді. «Ақбұлақ» су бағдарламасы бойынша келесі жылы скважина қазылып, таза су әр үйге кіргізіліп берілмек. «Телеарналардан облыс, республика жаңалықтарын тұрақты түрде көріп келе жатырмыз, бұған да дән ризамыз» дейді ауыл тұрғындары.

Ауыл тұрғындары сонымен бірге өздерінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанына да ризашылықтарын білдіріп жатты. Айталық, Байболат Ерғалиев деген жеке кәсіпкер үш миллион теңге шағын несиеге қол жеткізіп, мал сою алаңын ашып алыпты. Сонша мөлшерде шағын несиеге қол жеткізіп, мал өсірумен айналысып жатқан басқа да кәсіпкерлер баршылық көрінеді.

Ал Рысбике Тілеуқабылова өзінің тігін цехын қатарға қосуға талпынып отыр. Сол мақсатпен үйінің жанынан ғимарат салып үлгеріпті. Енді екі жарым миллион теңге шағын несие тосып отыр. Бұл біріншіден, өзіне, екіншіден, ауыл тұрғындарына тиімді шаруа десек, үшіншіден, екі кісі жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Ал тірек ауылынан мұндай жарқын мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, осы ауылдық округтің аумағындағы суы шипалы Шошқалы көлі бұған дейін ел игілігіне жаратылмай келсе, енді оған да ие табылып отыр. Яғни, Сымбат Разханов деген ауыл кәсіпкері былтыр өз қалтасынан он миллион теңге қаржы жұмсап, аталған көл жағасында осында келіп ем алғысы келетіндерге арнап кешен құрылысын салды. Кешен құрамында 12 орындық қонақүй, асхана бар. Ауызсу мәселесін шешу мақсатымен құдық та қазылған. Сымбат биыл да мұнда бес миллион теңгенің жұмысын атқаруды жоспарлап отыр. Ал соның бәрі тынығушылар үшін екендігі айтпаса да түсінікті. Шипалы көл жағасындағы әлгі кешен толық күшінде қатарға қосылғанда онда жаңадан он жұмыс орны ашылатын болады.

Бұған дейін ауылда дәріхана, шаштараз, аяқкиім жөндейтін шағын шеберхана, шағын тауық фермасы іске қосылғанда аз болса да жұмыс орындары ашылған еді. Шағын тауық фермасы демекші, бұл кәсіпорын толық күшіне енгенде мұнда күніне екі жүз жұмыртқа өндірілетін болады.

Ауыл әкімі Марат Солтанғазин бізге осының бәрін зор қуанышпен жеткізді. Оның айтуынша, алда әлі де ауқымды істер атқарылмақ.

Дәулет Сейсенұлы


Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив