KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 2 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Семей мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры Еуроодақтың ең мәртебелі марапатына ие болды

7.01.2013, 18:00 238


Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Михайл Семенович Панин Еуроодақтың ең мәртебелі марапаттарының біріне ие болды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры, экология, химия және география пәндері кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Михаил Семенович Панин биогеохимия саласындағы табысты педагогикалық қызметі және іргелі зерттеулері үшін Еуропалық ғылыми-өнеркәсіп палатасының Сапа дипломы және Алтын медалімен марапатталды.

Еуропалық ғылыми-өнеркәсіп палатасы 1992 жылы құрылып, осы уақытқа дейін әр елдің ең үздік ғалымдарын, қоғам, өнер, саясат қайраткерлерін елеулі еңбектері үшін марапаттап келеді.

Әсіреқызылды сүймейтін, пафосты үнді қаламайтын Михаил Семенович Семей мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі және осы қасиетті шаңыраққа өлшеусіз еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз. Қазақстан биосферасындағы химиялық элементтерінің мөлшерін және олардың орындарының ауысуын зерттеу саласындағы республиканың жетекші ғалымы болып табылады.

Михаил Семеновичтің айтулы марапаттарының ішіндегі бірегейлері: "Химиялық экология" оқулығы үшін А.Байтұрсынов атындағы медальмен, ұлы ғалым Виктор Владиславович Ковальский атындағы медальмен наградталған. Халықаралық Өмірбаяндарды Зерттеу Орталығы (Кембридж, Англия) оған ғылымның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін "Әлемнің жетекші ғалымы" атағын берді. Сонымен қатар, әлемдік кітапханаларға таратылатын бүкіл әлемге белгілі "ХХІ ғасырдың аса көрнекті ғалымдары" анықтамалығына есімі енгізілді.

Жуырда Михаил Семенович Шығыс Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл туа дарыған алғырлық қасиеті бар, ақыл мен парасаты сай, ғылымға шынайы үлес қосқан ғалым Михаил Семеновичтің жылдар бойғы ерен еңбегінің жемісі.

Қазіргі таңда, Михаил Семенович Панин еліміздің зиялылары арасындағы дара тұлға. Бұл азамат замандастарына, өскелең ұрпаққа берген өнегесі, көрсеткен үлгісі оның есімін құрмет тұтуға әбден лайық.



Әсел Шайхынова
Анар Қуанғалиева

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив