Семей мемлекеттік педагогикалық институтының математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының жұмысын ресейлік ғалымдар жоғары бағалап, Ресей Федерациясы Жаратылыстану академиясының ең үзік марапаттарының бірі «Ресей елінің алтын кафедрасы» дипломымен марапаттады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл үлкен жетістік кафедра меңгерушісі Жолымбаев Оралтай Мұратханұлы бастаған оқытушылар қауымының қажымай-талмай еңбектенуінің жемісі. Аталмыш марапатпен Отандық білім беру жүйесінің дамуына үлес қосқан кафедра меңгерушілері, ғылыми-педагогикалық ұжымдар марапатталады екен.
Ресей елінің Жаратылыстану академиясының құрылғанына биыл 18 жыл толыпты. Осы жылдары академия даму мен қалыптасу жолдарынан өтті. Академия өз қатарында беделді, танымал, Ресей елінің қоғамдық ғылыми-ұйымдастырушылық ұйымдар арасында серпінді дамып келе жатқан құрылым. Осы ұйымның Н.И. Вавилов атындағы медалі, В.И. Вернадский атындағы алтын медалімен СМПИ ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Панин Михаил Семенович марапатталған болатын.
«Математика – ғылымдар патшасы» деп бекер айтпаса керек. Еліміздің жедел индустриялық-инновациялық дамуы жағдайында базалық техникалық пәндердің бірі ретінде математика қазіргі заманғы білім берудің алдыңғы шебіне шығып отыр. Математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессор-оқытушылары бүгінгі заман талабына сай рухани дамыған, педагогикалық технологияның қыр-сырын жетік меңгерген шығармашыл педагогтарды тәрбиелеуде. Кафедраның студенттері республикалық, халықаралық ғылыми байқауларда үздіктер қатарынан көрінуде. Бұл дегеніміз, математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасы расында да «алтын кафедра» атағына ие боларлық.
Анар Қуанғалиева