KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Жылан жылы жақсылыққа мол болады

3.01.2013, 18:00 232


Жылан жылы еліміздің экономикасы үшін қалыпты болады деп болжап отыр мамандар. Алайда Халықаралық валюта қоры мен Экономикалық серіктестік және даму ұйымының сарапшылары жорамалдаған әлемдік дағдарыс салқыны 2013 жылы біздің мемлекетке де өз әсерін тигізбей өтпейтін көрінеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Себебі, Қазақстанның экономикасы әлемдік шикізат бағасына (котировка) кіндігінен байланғандық-тан сарапшылардың айтуынша, халықаралық нарықтағы мұнайдың бір баррелі төрт-бес ай бойы 60-70 доллардан төмен тұратын болса ғана дағдарыстың қышқыл дәмін татады екенбіз. Өйтпеген жағдайда қауіптенуге негіз жоқ.

Еуропалықтарды езулеген дағдарысқа қарамастан биыл ел экономикасында елең еткізерлік өрлеу болатын сияқты бәрібір. Алдын ала болжамға сүйенсек, елдегі ІЖӨ-нің нақты өсімі 6 пайызды құрайды деп күтілуде. Бұл жағдайға ішкі сұраныстың артуы оң ықпал етпек. Сол сияқты Жылан жылында өндіріс көлемі ұлғайып, қызмет көрсету саласы айтарлықтай алға басады. Сыртқа шығарылатын экспорттың да екпіні күшейіп, 96,1 миллиард теңгеден 116,7 миллиард теңгеге жетпек. Ал жылдық инфляция деңгейі 6-8 пайыздың төңірегінде тұрақтайды. Мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражаттың негізгі мөлше-рі жұмыспен қамтуға, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға және қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге, адам капиталының сапалы өсіміне, өңірлерді өркендетуге, индустриялды-инновациялық дамуға, бизнесті қолдауға, ұлттық қауіпсіздікке, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға, қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталмақ.

Енді өңірлерде, соның ішінде Шығыс Қазақстанда қандай жобалар тиянақталатынына тоқталсақ.

Әуелі облыстың орталығы Өскемен қаласындағы 2013 жылға жоспарланған істердің бір парасын тілге тиек етейік. Қала әкімі Серік Тәукебаевтың сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы Өскеменнің сәулеттік келбетін өзгерту мақсатында үлкен шаруалар орындалмақ. Жылдан-жылға қатары көбейіп келе жатқан қаладағы көліктердің қозғалысын жеңілдету үшін жаңадан жолдар салынбақ. Үлбі көпірінің астымен өтетін автокөлік жолының құрылысы да осы жылы аяқталуға тиіс. Көгалдандыру мен гүлдендіру, қоршаған ортаны қорғау сияқты жұмыстарға жете мән беріліп, бұған қажетті бюджеттен бөлінетін қаражаттың мөлшері арттырылмақ. Оған қоса Өскемен мен Семейде екі бірдей үй құрылысы комбинаты салынады. Бұған қоса Жібек маталар комбинаты ықшамауданы мен Күленов кентінде мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге, жаңадан отау көтерген жас отбасыларға, сол сияқты өзге санаттағы адамдарға арнап салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталады. Ертістің сол жағалауында бой көтеріп келе жатқан облыстық қазақ драма театры да 2013 жылы өз көрермендеріне есігін айқара ашады деп күтілуде.

Өндірісті қаламыздағы өнеркәсіп орындарының бірінде тағы бір жаңа техника «дүниеге келеді» осы жылы. Австриялық «Hatzenbichler» компаниясы қуат үнемдеуші технологиялармен жабдықталған заманауи ауыл шаруашылық мәшинесін құрастырып шығармақ. Өзі жүретін бұл техника кез келген дәнді дақыл-ды тәулігіне 100 гектар алқапқа себе алады, дәрілеу жұмыстарына да өте ыңғайлы. Жоғары ылғалды өнімді жинауға арналған роторлы комбайндар құрастыру да ағымдағы жылдың жоспарында бар
.
Биыл талантты қаламгер жерлесіміз Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойын лайықты дәрежеде атап өту аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тікелей бақылауында.

Ал Семейде «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы мен облыс әкімдігінің арасындағы әлеуметтік серіктестік шеңберінде өңірдегі сегіз теміржол вокзалында күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Олар: Семей, Белағаш, Коршунов, Ермаков, Зырян, Серебрянка, Жалаңашкөл және Жарма стансалары.

Түйемойнақ аралында сәулеті мен сәні ерекше әлем мұражайы ашылады. Сонымен бірге 2011 жылдан бері құрылысы жалғасып келе жатқан қалалық көпсалалы, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған 300 орындық аурухана ел игілігіне берілмек. Еліміздегі ең іргелі мекемелердің бірі – Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана мен Семей тарихи-өлкетану мұражайының 130 жылдық мерейтойлары, сондай-ақ қазақ футболының ғасыр тойы кең көлемде аталып өтеді.

Кейбір аудандарды газдандыру жұмыстары 2013 жылы басталады. Бұрыннан кен барлау жұмыстарымен айналысқан «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мамандары Зайсан кенішінде кемінде он жылдан астам уақыт бойы үздіксіз пайдалануға жетерлік газ қорын тапқан. Ал 92,5 шақырымды құрайтын «Сарыбұлақ-Майқапшағай» газ құбырының құрылысы қазіргі күні бітуге жақын. Ағымдағы қаңтарда мемлекеттік комиссия нысанды тексеруден өткізіп, қабылдауы тиіс. «Оңтүстік ағын» деп аталатын бұл газ құбыры Зайсан, Тарбағатай аудандарын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қоса Алтай өлкесі арқылы тартылған ресейлік газ құбырына қосылу мәселесі де басы ашық күйінде қалып отыр. Егер мәселе екі жаққа да тиімді шешілетін болса, Шемонайха, Бородулиха және Глубокое аудандары көгілдір отынға қол жеткізеді.

Сонымен қатар Жылан жылы облыста басқа да көптеген өзгерістер мен жаңалықтар, тың бастамалар, жаңа жобалар қолға алынады деп жоспарланып отыр.

Серік Әбілхан


Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив