Өскемен қаласында «2012 жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» байқауының қорытындысы шығарылды. Бұл мәртебелі атаққа қазылар алқасының шешімімен ШҚО бойынша қазынашылық департаментінің бас маманы Әлия Бекболатовқызы Хасенова лайық деп танылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Байқау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасы облыс әкімдігі мен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталған байқауға қатысу үшін үміткерлер «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі: жағдайы және болашағы» тақырыбына жазылған эсселері мен құжаттарын жолдаған. Іріктеу кезеңінде 18 үміткердің ішінен үздік жазылған 12 эссе авторлары байқаудың келесі кезеңіне жіберілді.
Жарыстың екінші кезеңінде қатысушылар «Өзін таныстыру» номинациясында өздерін көрермендерге таныстырып қана қоймай, өнерлерін де көрсетті. «Викторина» сайысында білім деңгейлерін таразыласа, «Пікірсайыс» кезінде өздерінің сөйлеу мәдениетін, ой-өрістерін көрсетті.Шығармашылық номерлермен толықтырылған байқау қызықты да әсерлі өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды ШҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы Самарбек Әбішұлы Әбішев жеңіп алды. Екінші орынды Күршім ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Гүлжан Есенжарқызы Абдукаримова иеленсе, үшінші орынға Тарбағатай ауданы бойынша салық басқармасының бөлім бастығы Құдабаева Аида Балташевқызы шықты.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
Байқаудың ақтық кезеңіне қатысушылардың барлығына алғыс хат пен гүл шоқтары тапсырылды.