KZ
Өскемен
плотный туман жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Көкпектіліктер қысқа сақадай сай ма?

3.09.2012, 18:00 166


Қылышын сүйретіп келе жатқан қыстан қысылмай шығуға Көкпекті ауданында да дайындық біршама жүріп жатыр. Алайда атқарылар жұмыстар әлі көп. Оған білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет бөлімдерінің басшылары қатысқан жиын барысында көз жеткіздік. Жиынға облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев қатысып, қысқа дайындық кезінде бейқамдық танытып отырған осы салалардың бірқатар басшылары-ның жұмысын сынға алды.

Мәселен, Белое ауылындағы Октябрь мектеп-балабақша кешенінің төбесінен жаңбыр жауса су сорғалап тұрады екен. Оған қырық жылдан бері жөндеу жүргізілмепті. Алайда аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Байғалиев оған күрделі жөндеу келесі жылы жасалады деп отыр. Ол үшін 91 миллион теңге қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіпті. Бұл жауапқа қанағаттанбаған облыс Әкімінің орын-басары Айтқазы Шерубаев оны қатаң сынға алды.

– Ертең төбеден аққан судан электр жүйелері істен шықса кім жауап береді? Келесі жылы бірақ жөнделеді деп қарап отырсыздар. Барлық мектептерді аралап шығып, қай жерде қандай жөндеу керек екендігін жақсы білулеріңіз керек. Барлық шалғай мектептерде, ауруханалар мен дәрігерлік пункттерде қосымша қуат көздері, қосалқы бөлшектер, қызмет көрсететін мамандардың болуы қажет. Қыс көзі қырауда апаттық жағдай орын алмас үшін оған дайын болуларыңыз керек, – деді облыс Әкімінің орынбасары.

Ауданда 42 мектеп, үш балабақша бар болса, оның 19-ы қатты отынмен, 17-сі электр қуатымен жылытылады. Алдын ала есеп-теулер бойынша, электр қуатымен жылыту тиімдірек екендігі белгілі болып отыр. Қазір ауданда екі айға жететін көмір қоры бар. Көмір жеткізуші ретінде көкпектілік кәсіпкер В.Винчук іске кіріскен. Құрылысы жүріп жат-қан Мамай орта мектебінің де пайдалануға беру мерзімі созылып, ол екінші тоқсанда ашылады делініп отыр.

Денсаулық сақтау саласының да қысқа дайындығы ортаға салынды. Аудандық №1 медбірлестік директорының міндетін атқарушы Н.Әубәкіровтің айтуынша, оның аумағы 4,5 есе кеңейгендіктен, қосымша кө-мір алу үшін қаржы керек. Сол сияқты бірлес-тік ғимаратының пластикалық терезелері де 2010 жылы ғана пайдалануға берілгеніне қарамастан тозып тұр. Жаңбыр суы, жел терезелерден ішке саулайды. Оларды алмастыру үшін де 2 миллион теңге қаржы қажет.

Жиын барысында аудан әкімінің орын-басары Р.Нығметжанов «Ақбұлақ» бағдар-ламасы, орталық жылыту қазандығының құрылысы, электр желілерінің жағдайлары жайында қойылған сұрақтарға жауап берді. Көкпекті және Самар ауылдық округтері әкімдерінің мәлімдеуінше, жағдайы төмен отбасыларын отынмен, көмірмен қамтама-сыз ету мәселесі шешілген. Мердігерлер анықталып, көмір тасымалданып жатыр.

Облыс Әкімінің орынбасары жергілікті және республикалық маңыздағы автокөлік жолдарына қарайтын мекемелер басшыларына да жол жөндеу техникаларының қысқа дайын болуын қатаң қадағалауды тапсырды.

– Қыстың қалай болатынын ешкім болжай алмайды. Сондықтан барлық жағдайға сақадай сай отыруымыз керек, – деді облыс Әкімінің орынбасары.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив