KZ
Өскемен
-2°
ясно жел 1 м/с, С
480.61 534.53 5.28

Семейде көше саудасы қызып тұр

6.08.2012, 18:00 136


Семейде де заңсыз көше саудасымен күрес бұл күндері қызу жүріп жатыр. Қала әкімінің орынбасары Нұрбол Нұрғалиев бастаған жұмыс тобы Семейдің Чехов көшесінің бойы мен «Южный» дүкені және базар маңын аралап, базаршыларға қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Балаларым жас, жұмыс жоқ, – деп шағымданады «лицензиясыз» бір сатушы атын айтудан бас тартып, – отбасыма кім нан тауып береді?! Көшеде тұрғанмен қанша табыс бар дейсің, ал азық-түлік деген күнненкүнге қымбаттап барады.

Қалай десек те санитарлық-эпидемио-логиялық қадағалау басқармасы қызметкерлері мен өзге де қадағалаушы органдар көшеден азық-түлік сатып алу қауіпті екендігін айтуда. Көше базаршыларының қолдарында санитарлық кітап, құжаттар жоқ. Тауарлары жерге жақын орналасқандықтан, әрі-бері жүрген көліктердің шаңы бұрқырап бетін жауып жатады. Соған қарамастан көше саудасы қызып тұр. Рейдтер де толастамақ емес.

– Осы жұмыс тобының құрамына екі бөлім кіреді, – дейді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Нұрғалиев. – Бірі оң жағалауды қадағаласа, екіншісі сол жағалауды бақылайды. Көше саудасымен айналысатын проблемалық аудандар қатарына Чехов, Аймауытов, Глинки, Новостройка аудандары, «Океан» базарының маңы, «Нива», «Яна» дүкендері, 343 квартал аудандары кіреді. Қала әкімдігінің 2012 жылғы 14- мамырдағы қаулысына сәйкес, біз осындай заңсыз саудамен айналысқандарды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, ескерту береміз, айыппұл төлейді.

Аталған көшелер – қаланың ең маңызды орталық жерлері. Тіпті, жерасты жолдарынан шыға берер тұста да «сапалы әрі арзан тағамдар» ұсынып отырғандар жетіп артылады. Бұл аз дегендей, кейбір дүкен-дүңгіршектер өз тауарларын көрсін дей ме, сыртқа шығарып, жаяу жүргіншілер өтетін жолдарды бөгеп тастайды. Немесе сауда орындарының алдында, сыртында – сыра шөлмектерінің жарнамасы бар палаткалы сыраханалар. Айналасында қаптаған, көк түтіндеткен кәуәп пісірушілер. Жүретін жер жоқ.

– Заңсыз сауда көшесі жүріп жатқан жерлердің екі жағын байқап қарасаңыз, төбесі жабылған базарлар, – дейді Семей қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының бас-тығы Бағлан Шегедеков. – Онда тұрмысы төмен немесе әлеуметтік жағынан аз қорғалғандарға арнайы жеңілдіктермен ұсынылатын орындар бар. Бірақ адамдар көше бойында отырып алып, сауда жасағанды дұрыс көреді. Бұл жердегі көгалдандыру жұмыстарына зиян келгендігі көрініп тұр. Осы жерде сауда жасаған әрбір адам соңынан үйіп қоқыс тастап кетеді, бір жинақылық жоқ. Әсіресе, жаз айларында санитарлық талап сақталуы керек.

Чехов көшесі халық тығыз топтасқан жер. Өткен жылы көшеге асфальт төселіп, жағдайы біршама жөнделген еді.

– Сол асфальтты дұрыс сақтау үшін жүк көліктеріне тыйым салатын белгі қойылды, – дейді Нұрбол Нұрғалиев. – Бірақ мұны да назарға алып, бағынып жатқан жүргізушілер шамалы.

Күн сайын Чехов көшесіне кіріп кеткен-діктері үшін жол полициясы қызметкерлері көліктерден мемлекеттік нөмірлерін алып, айыппұл төлетіп жатады. Тіпті, осы жолғы рейдтің өзінде-ақ олар алты жүк көлігінің иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Жұмыс тобы сол жағалауда жеті тексеру жүргізіп, 50 шақты тәртіп бұзушылықты, ал оң жағалаудан 30 тәртіп бұзушылықты анықтаған.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив