KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,4 м/с, З
480.61 534.53 5.28

Шығыс Қазақстанда гидротехникалық құрылыстар қайта жаңғыртылады

15.07.2012, 18:00 228


Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішев облысқа жұмыс сапарымен келіп, бірқатар аудандардағы шаруашылық нысандарының жағдайымен танысты, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Облыс орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізген комитет төрағасы алдымен республикамыздағы осы саланың жай-күйімен журналистерді жан-жақты таныстырып, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Оның айтуынша, елімізде 2010 жылғы Қызылағаш оқиғасынан соң Елбасы тапсырмасына сәйкес барлық су қоймалары мен бөгеттер, тоспалар тексеріліп, есепке алынып, иелері анықталған. Осы жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Қазірге дейін еліміз бойынша 30 гидроқұрылыстар тексеруден өтсе, биыл тағы 70 нысанға зерттеу жүргізілмек. Ол үшін жұмыстың жаңа, тың тәсілдері мен технологиялар қолданылуда.

– Бұл өте көп еңбек пен мамандардың жоғары біліктілігін талап ететін күрделі жұмыс. Зерттеу нәтижелері сараптамадан өтеді. Ал кейбір нысандар шұғыл түрде тексеруден өтуі мүмкін, – деді Ислам Әлмаханұлы.

Комитет төрағасы Ертіс, Іле сияқты трансшекаралық өзендердің суын көрші елдермен бірлесіп пайдалану мәселесіне тоқталды. Жалпы Қытаймен арада ірілі-ұсақты 24 өзен бар. Қазір осы мәселеге орай көрші елдермен, оның ішінде Ертіс суын пайдалану туралы Қытаймен арада келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сол сияқты Ресейдің Алтай өлкесіне қарап кеткен Катунь өзенін Ертіске бұру туралы жоба ғалымдар арасында талқылануда.

Еліміздегі суармалы алқаптарды игеру мәселесі де өзекті. Осы орайда Шығыс Қазақстан республикамыздағы су ресурстарының 34 пайызына ие болса, өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін 206 мың гектар суармалы алқап пайдаланылған. Қазіргі күні ол небәрі 130 мың гектар шамасында. Себебі, суландыру жүйелері тозып, істен шыққан екен.

– Сондықтан да облыс Әкімінің қолдауымен алдағы үш-төрт жылдың ішінде суармалы алқаптарды бұрынғы деңгейге жеткізу міндеті тұр. Одан әрі қарай оны ұлғайта беретін боламыз. Ол үшін облыста барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр, – деп мәлімдеді Ислам Әбішев.

Оған дәлел ретінде комитет төрағасы облыстағы суармалы алқаптарды игеру үшін 2010 жылы 59 миллион, 2011 жылы 400 миллион шамасында, биыл барлығы бір миллиард теңге мөлшерінде қаржы бөлініп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге алдағы екі-үш жылда облысымызда жаңа-дан бірнеше су қоймалары мен бөгендер, тоспалар салынып, бұрыннан барлары жөндеуден өтпек. Мәселен, алдын ала есеп бойынша 15 миллиард 319 миллион теңгеге Үржар ауданындағы бірнеше гидроқұрылыстар мен Тарбағатай ауданындағы Қандысу су қоймасының, Қарғыба бөгеніндегі жөндеу жұмыстарының сегіз құжаты әзірленсе, тағы да құны 7 миллиард 200 миллион теңге болатын Зайсан, Жарма, Үржар аудандарындағы төрт жоба бойынша қайта жаңғырту жұмыстарының құжаттары әзірленіпті. Сондай-ақ, құны 1 миллиард 682 миллион теңге болатын үш жоба бойынша Тарбағатай, Зайсан, аудандарындағы гидроқұрылыстарды жөндеу жөніндегі құжаттар әзір болған. Сол сияқты ауызсу мәселесіне орай Бородулиха, Күршім, Үржар аудандарындағы 2010 жылға дейін жоспарланған жобалар аяқталмақ.

– Суармалы алқаптарды пайдалану үшін де жаңа әдістер, технологиялар қолданылуы керек, – деді Ислам Әлмаханұлы. Мәселен, арық-тоғандардың орнына бетон каналдар салып, құбырлар тартып, су өткізбейтін материалдар пайдалану қажет. Жалпы, облыста 900-ге жуық ашық су көздері арқылы алқаптарды тұрақты және маусымдық суару мүмкіндіктері бар. 38 өзен мен бұлақтарда 45 су қоймалары мен бөген, тоспалар салынған. Оларға 356 миллион текше метр су жинауға болады.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив