KZ
Өскемен
+13°
небольшой дождь жел 5,8 м/с, З
441.66 475.14 4.86

ШҚО-да иесіз қалған гидротехникалық құрылыстар толық қайтарылды ма?

22.07.2012, 18:00 125


Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қоғам ауысқан тұста облысымызда талай су қоймалары мен тоспалар иесіз қалғаны белгілі. Олардың тоз-тозы шығып, пайдалануға жарамсыз күйге жеткендері де аз емес еді. Осыдан екі жыл бұрын облыс Әкімінің бастамасымен осындай су қоймалары мен тоспаларды анықтап, есепке алып, иелері жоқтарын коммуналдық меншікке қайтару жұмыстары басталған болатын, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Оларды құжаттандырып, жай-күйін жан-жақты зерттеп, жөндеу мен күтіп ұстау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жанынан «Шығыс су қоймалары» атты коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны да құрылған еді.

Гидротехникалық құрылыстарға бақылау жасайтын құзырлы кәсіпорын өздеріне жүктелген міндетті атқаруға бел шеше кірісті. Нәтижесінде 2011 жылы иесіз қалған немесе иесі болса да қараусыз қалған 133 шағын су қоймалары мен тоспалар, каналдар анықталды. Жүргізілген жоспарлы жұмыстардың арқасында өткен жылы олардың 25-і кәсіпорын қарамағына алынса, биыл тағы 40-ы қайтарылмақ. Ал тағы 63-і 2013 жылдың еншісіне қалмақ көрінеді.

Өткен жылы төрт тоспа мен каналға жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әсіресе, Аягөз ауданындағы Ақтоған каналы мен Шемонайха ауданындағы, Вавилоновка өзеніндегі тасқын кезінде бұзылу қаупі төніп тұрған плотинаны дер кезінде жөндеп үлгердік, – дейді кәсіпорынның жоспарлау-техникалық бөлімінің бастығы Сансызбай Мұңғұлбаев. – Ақтоғандағы тоспаның бір шетін биыл тағы тасқын су шайып кеткендіктен, оны қайыра жөндеп, нәтижесінде осы өңірдегі Қосағаш, Мәдениет ауылының тұрғындары 700 гектардай жерді суғарып, мал азығын егуге мүмкіндік алды.

Кәсіпорынның бастамасымен Күршім ауданындағы Сарыөлең су жүйесіне де біршама жөндеу жұмыстары жүргізілген көрінеді. Әсіресе, ондағы каналдарға балық қорғау жүйесін салып, су есептейтін құралдар орнатудың арқасында шаруашылықтар суармалы жерлерді игеруге мүмкіндік алған. Осындай жұмыстар биыл осы аудандағы Деревенское, Щукинское аталатын тоспа-канал-дарға да жүргізіліпті. Тағы бір табысты аяқталған жұмыс – Шемонайха ауданындағы Вавилоновка және Көкпекті ауданындағы Ешкібай тоспаларын қалпына келтіру аяқталып, оған барлығы 31 миллион теңгенің үстінде қаржы жұмсалған көрінеді.

Биыл тағы да 17 су қоймасы мен каналды жөндеуіміз керек. Оның 12-і бұзылу қаупі бар жағдайда тұрғандықтан, қалайда жөндемесе болмайды, – дейді Сансызбай Мұңғұлбаев. – Ол үшін шамамен алғанда 500 миллион теңгедей қаржы қажет болып отыр.

Бөлім бастығының айтуынша, өздері есепке алған шағын су қоймаларының көбінде апаттық су реттегіштер жоқ. Бар болса, істен баяғыда шыққан. Олардың дені кезінде кеңшар-ұшымшарлардың күшімен, шаруашылық әдіспен салынған. Яғни ешқандай қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, әрі тозып тұр. Оларды толық жөндеуден өткізіп, тиісті талаптарға сай жабдықтамаса болмайды. Алайда кәсіпорынның әзірге мүмкіндігі де шектеулі көрінеді. Мәселен, қолдарында қажетті бірде-бір техника жоқ болғандықтан атқарылатын жұмыстардың барлығы тек мерді-герлердің күшімен жүргізіліп келеді.

– Біздің кәсіпорын тек үш аудан-да ғана бір-бірден маман ұстап отыр. Тиісті техника мен мамандар болмауы жұмысымыздағы басты кедергі. Әсіресе, қызметтік көліктің болмауынан алыс аудандардағы су қоймаларына бақылау жасап, тоспаларды түгендеп шығу оңай емес. Облысымызда әлі де болса ешбір есепте жоқ, иесіз қалған гидротехникалық құрылыстар болуы мүмкін. Ал есепке алынған, иелері анықталған құрылыстарда жағдайды толық бақылауда ұстау және дер кезінде тиісті шешімдер қабылдау үшін әр ауданда жауапты мамандарымыздың болғаны жөн. Оған қоса құжаттар әзірлеудегі бюрократтық кедергілер мен қағазбастылық та айтарлықтай қолбайлау болуда, – дейді бөлім бастығы.

Облыс Әкімінің тапсырмасына сәйкес кәсіпорын облыстағы 13 гидротехникалық құрылысты тексеріп, зерттеп, болашақта республикалық «ҚазСушар» мекемесінің қарамағына беру жөніндегі құжаттарды дайындауда. Оған қоса шаруашылық ішілік каналдардың құжаттарын әзірлеуге де облыстық бюджеттен 50 миллион теңгенің үстінде қаржы бөлініп, игеріліпті. Жалпы алғанда биыл жыл басына дейін 61 гидротехникалық құрылыс иесіз деп танылып, сот шешімі бойынша коммуналдық меншікке қаратылса, төрт құрылыстың иесі анықталып, тағы алтауының иесін анықтау мәселесі сотта қаралып жатқан көрінеді.

Ал «Шығыс су қоймалары» кәсіп-орны осы гидротехникалық құрылыстарды иесіз деп тану туралы сот орындарына құжаттар әзірлеп, оның шешімі бойынша коммуналдық меншікке алу мәселесімен айналысуда. Осылайша облысымыздағы су шаруашылығы саласындағы ең бір өзекті мәселе түпкілікті қолға алынып, тиісті шешімін табуда.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив