KZ
Өскемен
-2°
плотный туман жел 2 м/с, С
478.96 533.03 5.22

ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді

21.11.2012, 18:00 128


Бердібек СапрабаевКеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, ауқымды баспасөз мәслихатын өткізді. Риясыз сұхбат түрінде өрбіген бұл мәслихатты шығысқазақстандықтар «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы арқылы тікелей эфирде тамашалады. Бүгінгі күні облысымыз үшін өткір тұрған проблемалар кеңінен қаузалып, өңір басшысы тарапынан көкейкесті сауалдарға тұшымды жауаптар берілді.

Ең әуелі журналистер өздерінің сұрақтарын қоймас бұрын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ биылғы он айдағы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып өтті.

– Өткен он айдағы аймақтың негізгі даму көрсеткіштері жалпы алғанда жаман емес. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда барлық салаларда ілгері басушылық байқалады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласында биылғы қолайсыз ауа райына қарамастан күзгі жиын-терін мөлшері жаман болған жоқ. Дәнді дақылдардың әр гектарынан 13 центнерден жинасақ, техникалық дақылдардың әр гектарынан 8 центнерден өнім алдық. Бір сөзбен айтқанда, біз өзіміздің азықтық, жем-шөптік қорымызды жинадық, артылғанын көршілес облыстарға және іргелес республикаларға шығарамыз. Ал инвестиция көлеміне келсек, 180 миллиард теңгені құрап, 10 пайызға өскен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш бұдан да жоғарылайды деген ойдамыз, – деген өңір басшысы әлеуметтік төлемақылардың уақтылы төленіп тұрғандығын, шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін нысандардың санын арттыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін тиісті шаралар қолға алынғанын және басқа да жүзеге асырылған шаруаларды тілге тиек етті.

Бұдан кейін кезек журналистердің сауалдарына берілді.

«Республика» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Ольга Ушакова:
- Бердібек Мәшбекұлы, менің сізге қоятын үш сауалым бар. Бірінші сауалым, облысқа Әкім болып тағайындалғалы бері сіз бірінші рет журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп отырсыз. Мұның себебі неде?
Екінші сауалым, Зырян қаласында су астында қалған аумақ тұрғындарын көшіру ісі қалай жүруде? Негізінде көшетін үйлердің саны әлдеқайда көп.
Үшінші сауалым, кадрлық тағайындауларға қатысты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынтағына Қ.Сапарғалиевтың отыруы қаншалықты заңды?

– Біріншіден, мен Әкім болып тағайындалған үш жыл сегіз ай уақыт ішінде журналистермен бірінші рет баспасөз мәслихатын өткізіп отырмын деп айтпас едім. Десе де көптен бері баспасөз мәслихатын өткізбегенім рас. Өйткені, мен сіздердің әрқайсыларыңызмен, сіздердің әрбір әріптестеріңізбен тұрақты түрде жүздесіп отырамын. Мен өзім өткізетін әрбір шараға, кеңестерге, іссапарларға журналистерді шақыруға, бірге алып жүруге тырысамын. Жалпы, журналистермен жиі жүздесіп, елдің көкейіндегі мәселелерді біліп отыру керек. Ал бұл баспасөз мәслихатын сіздердің кейбір әріптестеріңіздің өтініші бойынша өткізіп отырмын. Олар жылдың соңында баспасөз мәслихатын өткізуді өтінді.

Ал енді Зырян қаласындағы су басқан аймақтардан тұрғындарды көшіруге қатысты мәселеге келсем, бұл мәселемен біз 2010 жылдан бері айналысып келеміз. Негізі ол жердегі су деңгейінің көтерілуі 20 жылдан кейін болуы керек еді, өкінішке қарай бұл жағдай 2010 жылы орын алды. Әйтеуір дер кезінде тиісті шараларды қабылдадық. Сорғыларды қойдық. Карьердегі су деңгейі ұдайы бақылауда. Менің өзім де оқиға орын алған жерде бірнеше рет болдым. Арнайы комиссия да құрылды. Комиссияға аудан әкімінің орынбасары жетекшілік етті. Сондай-ақ оның құрамына қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары да енді. Қандай да бір мәселе туындамас үшін біз қандай үйлерді көшіру қажеттігін анықтауды өтіндік. Алдымен 48, одан соң 80 үй, соңғы рет 28 тұрғын үй анықталды. Дегенмен, бұл жарамайды. Жарты жылдан соң тұрғын үйлер санының ұлғайғаны дұрыс па? Қазіргі күні 128 отбасы апатты аймақтан көшірілді. Баспана алуға қажетті қаржыны бөлдік. Тағы да көшірілуге тиіс 38 отбасы қалды. Осыдан кейін біз ол жерден тұрғындарды көшірмейміз. Өйткені, ендігі жерде бұл мәселені ойынға айналдырушылар көп. Содан кейін бір атап айтарлығы, бұл үйлердің барлығы жекеменшік. Меншік иелері үйлерге күрделі жөндеу жасауы қажет. Жиырма-отыз жыл қатарынан ешқандай жұмыс істемей, мемлекет есебінен бірдеңеге қол жеткізуге болмайды. Бәрі де комиссияның шешімі негізінде іске асырылады.

Ал енді сіздің үшінші сұрағыңызға келетін болсам, барлық кадрлық тағайындаулар заң аясында жүзеге асырылды. Ештеңенің байыбына бармай тұрып ақпарат таратуға болмайды. Егер журналистердің қандай да бір сауалы болса, жауап беруге әзірмін. Сіз ШҚО бизнесмендерінің үйлестіру кеңесі Сапарбаевтың кадрлық тағайындауларына наразы деп жазыпсыз. Біріншіден, ешқандай да үйлестіру кеңесінің жоқ екенін айтқым келеді. Шағын және орта бизнес өкілдерінің қауымдастығы ғана бар. Ал Сапарғалиев мәселесіне байланысты тексеру жүргізіліп, бәрі де заң шеңберінде екені анықталды.

Берік Көшербаев, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі:
– Бердібек Мәшбекұлы, биылғы жылыту маусымына қандай дайындықпен келдік. Және жылда жырға айналған Семейді жылыту мәселесі қаншалықты шешімін тапты?

– Тәубе деп айтайық, биыл қысқа дұрыс дайындықпен кірген секілдіміз. Қыстың басталғанына бір жарым айдай уақыт өтті. Әзірге жылусыз қалып жатқан үйлер жоқ. Ал енді Семейге келетін болсақ, менің ойымша, биыл Семей қаласының тұрғындары қыстан жақсы шығуы керек. Өздеріңіз білесіздер, былтырғы қыста Семейде 40 градустан астам суық болды. Бірақ соған қарамастан жылу беру үзілген жоқ. Биыл бірінші рет Семей қаласының тарихында екі бу қазандығын іске қостық. Оның үстіне екі бірдей №6, №7 қазандықтарды күрделі жөндеуден өткіздік. Жылу, су құбырлары да күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда көмір жеткілікті. 25-30 күнге жететін көмір қоры бар. Сондай-ақ, Семей ғана емес, Риддер, Зырян, Курчатов қалалары, Глубокое ауданы тұрғындары да қыстан қысылмай шығуы тиіс. Бұл жерде су, жылу құбырларының 50-60 жылдан бері жөндеу көрмей, шіріп кеткенін де айта кеткен орынды.

Әлия Теңізбаева, «Алтайньюс» интернет порталының тілшісі:
– Халық арасында «Өскеменде ядролық отын банкі орналастырылады екен» деген әңгіме айтылып жүр. Тұрғындар бұдан өңірдің экологиялық ахуалы айтарлықтай нашарлап кетеді деп қауіптенуде. Алайда, арнайы мамандар аталмыш банктен қорқудың қажеті жоқ деп сендіріп бағады, ал одан нақты қандай пайда болатыны айтылмайды. Осы жағдайды түсіндіріп бере аласыз ба?

– Алдымен айтарым, ядролық отын банкін Өскеменде орналастыру мәселесі әлі түбегейлі шешілмеген. Бұл сұраққа қатысты МАГАТЭ әлі нақты шешім шығарған жоқ. Ал оның зияны жайында мамандар айтуы тиіс. Мен байқаймын, соңғы кездері бізде «мамандар» көбейіп кетті. Екінің бірі бұл саланы, яғни, ядролық отын мәселесін бес саусағындай біледі деуге болмайды. Осыны да ескеру керек, мамандарға құлақ асқан жөн. «ҮМЗ» басшысы Юрий Шахворостов бұл мәселеге байланысты сіздермен кездесіп, барлық сұрақтарға жауап берген болатын. Егер МАГАТЭ нақты шешім шығарса, біз Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшылығын, Экология министрлігінің басшылығын шақырып, қоғамдық тыңдау өткіземіз, олар сіздердің барлық сұрақтарыңызға жауап береді. Жалпы, алғышарттар бар, ҮМЗ-де кейбір ядролық отындар секілді химиялық аппараттар жылдар бойы сақталып келеді. Мамандар одан еш зиян жоқ дейді, радиация деңгейі қалыпты жағдайдан жоғары емес. Банк біздің Қазақстанның, Өскеменнің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, одан соң бұл – еліміздің беделі. МАГАТЭ бізді таңдап отыр.
Біз бір жайтты ұмытпауымыз қажет, Елбасымыз Семей сынақ полигонын алғаш рет жапты. Сондай-ақ, 2009 жылы 29-тамызды ядролық қарудан бас тарту күні ретінде жариялау туралы ұсыныс жасап, оны БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун толық қолдаған. Әрине, біз қауіпсіздіктің болғанына, тұрғындарға қауіп төнбеуіне мүдделіміз. Біз халықтың денсаулығына зиян тигізетін қандай да болмасын әрекеттердің жасалуына ешқашан жол бермейміз.

Ирина Якунина, «Астана» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі:
– «Май» акционерлік қоғамы күн сайын дерлік Өскемен қаласындағы Пристань ауданын қара түтінге орап, тұрғындарға қолайсыздық туғызып келеді. Май зауыты «тиісті іс-шаралар қабылдаймыз» деп уәде берген, алайда жағдай оңалар емес. Осы мәселе қалай шешіледі?
Облысымыздағы батутта секірумен айналысатын спортшыларымыз жуырда Павлодарда өткен республикалық чемпионаттан бас жүлдемен оралды. Олар алдағы Олимпиада медалінен де үмітті. Алайда сол саңлақтарымыздың жаттығатын жері жоқ, батуттар жетіспейді, бұл ретте көмек бола ма?
Үкімет басшысы Серік Ахметов Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарып жүргенде өңірімізге, атап айтсақ, Өскеменге келген бір сапарында радиациялық аймақтарды жойып, сауықтыру үшін 1 миллиард теңгедей қаржы бөлуге уәде берген еді. Сол бағытта не атқарылуда?

– «Май» зауыты мәселесін жақсы білеміз. Қоғамдық кеңес те осы мәселені жиі көтереді. Қазір біздің экология департаменті бұл мәселемен айналысуда. Зауытқа жыл соңына дейін екі қазандықтың кейбір агрегаттарын ауыстыру бойынша уақыт берілген. Жаңа жылдан соң көреміз, уәделерін орындамаса, тіпті, зауыттың жекелеген цехтарын жабуға дейінгі тиісті қатаң шаралар қабылданады.
Спортшылардың мәселесін де жақсы білемін, олар мектепте жаттығып, жақсы нәтижелерге жетіп жүр екен. Мен қала әкіміне, спорт басқармасының бастығына арнайы тапсырма бергенмін. Мәселені шешу жолында жұмыстар атқарылуда.
Өскемен қаласының экологиялық проблемасын шешуге қанша қаржы бөлінгенін нақты айта алмаймын, 2013-2015 жылдардың бюджетіне Елбасы әлі қол қойған жоқ, бірақ оның жеткіліксіз екені анық. Қазір біз бұл жөнінде, яғни, міндеттеменің орындалуы бойынша Қаржы және экология министрліктерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жуырда ғана мен Серік Ахметовпен жолығып, уәдесін еске салғанмын. Жеткілікті қаражат бөлінсе, мәселені түбегейлі шешуге болады.

Ольга Шабалина, облыстық «Рудный Алтай» газетінің бөлім меңгерушісі:
– Терможаңғырту бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға соңғы кездері көп сын айтылып жүр. Сіз аталмыш бағыттағы істерді қалай бағалайсыз?
Біздің облыста серпінді индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының қарқыны алдағы жылы да сақтала ма, қандай жаңа жобалар қолға алынбақ?

– Әрине, терможаңғырту бағдарламасы елу-алпыс жылдай жөндеу көрмеген ескі үйлерді қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді. Тұрғындар оны пайдаланып қалуы тиіс. Бұл Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Ислам Әбішевтің идеясы болатын, оны Үкімет қолдап, республикаға таратты. Былтыр біз бұл бағдарлама бойынша тек екі ірі қалада жұмыс істедік, ал биыл 8 ауданды да қамтыдық. Нәтиже бар, бірақ сын да айтылуда. Біріншіден, бұл – мердігерлердің кінәсі. Өкінішке қарай, тендер өткізу кезінде құрылысшылар уәдені үйіп-төгеді, бірақ нәтижесі кейде көңіл көншітпей жатады. Біз олармен кепілді міндеттемелер негізінде жұмыс істеп, орын алған олқылықтарды жөндеуге мәжбүрлейміз. 130 шақты тұрғын үй біздің бақылауда. Алдағы уақытта да кемшіліктердің болмауына күш саламыз.

Биыл өңір экономикасына 179 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оны азайтпау керек. Себебі, экономика өсу үшін инвестиция қажет. Жобалар жөнінде айтар болсақ, «ТМК»-да кәрістермен бірге титан құймаларын шығаратын жаңа цех салынуда (құны – 50 млн. АҚШ доллары), «ҮМЗ» («Қазатомөндіріс») күн батареяларының пластиналарын шығаратын зауыт салып жатыр (78 млн. теңге), Өскемен құс фабрикасы жылына 25 мың тонна құс етін өндіруді көздеп отыр (8 млрд. теңге), келесі жылы ірі жоба – Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталады. Оның құны 1,5 млрд. теңге болмақ. Мұнымен қоса, ірі агрожобалар да көп. Облыс экономикасына инвестиция тарту мақсатында біз Кореяға, Израильге, Чехияға бардық. Бүрсігүні Ресейдің дамыған өңірі саналатын Татарстан Республикасына жол тартамыз, ол жақта да нәтижелі жұмыс болады деп сенемін.

Қанат Оралбек, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының тілшісі:
– Бердібек Мәшбекұлы, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВПЕН жуықта ғана Чехия мемлекетінің Плзень қаласына бардыңыздар. Осы іссапарда екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтар негізінде нақты келісімшарттарға қол жеткізілді ме?

– Елбасымен бірге Чехияға жасаған іссапарымызда бірқатар екі жақты маңызы бар меморандумдарға қол қойылды. Чехияның көптеген қалалары бар. Біздің нақты Плзень аймағымен ынтымақтастық орнатуымыздың өзіндік маңызы бар. Себебі, аталмыш аймақтың экономикасы мен табиғаты басқа да ерекшеліктері біздің облысқа ұқсас. Чехия өнеркәсібі мен экономикасы жетілген мемлекет. Заманауи үлгідегі денсаулық сақтау және туризм саласы, ғылым бұл елде айырықша дамыған. Біз осы салалар бойынша екіжақты меморандумдарға қол қойдық. Естеріңізге сала кетейін өткен жылы облысымызға Бавариядан, яғни, Германияның Мюнхен қаласынан арнайы делегация келген болатын. Нәтижесінде келешекте берері мол индустриалды аймақ құрылуда. Бүгінде үш жақты индустриялды аймақ бар, оған Чехия, Германия және Австрия мемлекеттері кіреді. Біздің мақсатымыз осы аймаққа қосыла отырып, сол мемлекеттердің соңғы үлгідегі технологияларын, жұмыс істеу тәсілдерін, басқа да қоғамға қажетті дүниелерін меңгеру. Алдағы жылдың қаңтар айында әріптестікті дамыту мақсатында Бавариядан және Чехиядан делегация келеді деп күтілуде.

Мұратбек Оспанов, «Абай» журналының редакторы:
– Мен «Абай» журналынан келіп отырғаннан кейін сөзімді Абайдың «Адамның адамдығы істі қалай аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан білінеді» деген қанатты сөзінен бастағым келіп отыр. Сіз істі Өскеменнің төріне қасқайтып данышпанның ескерткішін қоюдан бастадыңыз, сізге ұлы ақынның аруағы разы шығар. Бүгінде әлеуетті облыстардың маңдайалды журналдары бар. Таразда «Жамбыл», Қарағандыда «Қасым» журналдары дегендей. Айтайын дегенім, «Абай» журналын Шығыстың брэнді етіп, оған біраз демеу жасасаңыз.

– Өте дұрыс айтасыз, «Абай» журналы Шығыстың мерейін асыратын бетке ұстар журналы болып қала беруі керек. Біз осы журналдың төңірегінде жұмыс істейміз.

Гүлнәр Исина, Ұлан аудандық «Ұлан таңы» газетінің қазақ бөлімінің редакторы:
– Ұлан ауданы, Жаңа Қанай ауылында осыдан 60 жыл бұрын салынған облыстық жүйке аурулары диспансерінің жағдайы бәрімізге мәлім. Бір жылдары бұл аурухананы Саратовка ауылына көшіріледі деді, одан аурухана жөнделіп қайта жабдықталады деп жатты, ал бүгін бұл аурухана туралы мәселе мүлдем басқа арнаға ауысып, осы ауылда 150 орындық жаңа ғимарат салынбақ екен, мәселенің түбегейлі шешімі қандай?

– Әуел баста Жаңа Қанай ауылындағы аурухананың жабылуы туралы мәселе расында көтерілген болатын. Алайда, ол ауылдың тұрғылықты халқының көпшілігі осы мекемеде еңбек етеді, біз осы жағдайды ескере отырып, жоспарды түбегейлі өзгерттік. Аурухана жабылмайды. Мен денсаулық сақтау және құрылыс басқармаларына нақты тапсырмалар жүктедім, қазір жобалық-сметалық құжаттар жасалу үстінде. Аурухана 100 орындық, әлде 150 орындық бола ма ол әзірге белгісіз, бірақ жаңа ғимараттың тұрғызылатыны анық.
(Жалғасы бар).

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив