KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,7 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Мақпал Жүнісова еліне еркелеп қайтты

16.05.2012, 18:00 157


Мамыр айының басынан бері облысымызға әншілер бірінен соң бірі ағылуда. Бұл жолы Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова Өскемен мен Семей қалаларында гастрольдік сапармен болып қайтты.

Бұл кеште Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында ине шаншар орын болмады.

Сүйікті әншілерінің жанды дауыстағы концертін көруге жиналған жұрттың көбі орта жастағы нәзік жандылар болды. Кеш барысында әншінің өзі сарайдың балконынан орын тиген жастардың әрбір әнге тербеліп отырғанына риза болғанын айтып қалды. Әншінің тыңдарманын бірде жылатып, бірде күлдіріп, енді бірде сартап сағыныш сазына бөлеген әндерінен бөлек ара-арасындағы сыршыл әңгімелері де оны халыққа жақындата түскендей болды.

Сондай жүрекжарды лебіздерінің бірінде әнші осы кештің өз деңгейінде өтуін тікелей қадағалап, қолдау көрсеткен аймақ басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ, елдің қонақжай, жомарттығына ерекше тоқталған Мақпал Жүнісова семейлік бір азаматтың иығына құндыз ішік жапқанын да елден жасырмады. Әншінің тағы бір ерекшелігі: әндерін халықтың жас ерекшеліктеріне қарай таңдай отырып, залдағылардың әрбір санатына ән арнауы болды. Жезтаңдай бұлбұлдың даусын естіп, өзін көзбен көруге өзге ұлттардың өкілдері де келген екен. Олар да осындай сыбағадан шет қалған жоқ.

Кеште дәстүрлі ән өнерінің өкілі Ербол Омаров, семейлік әнші Ғибрат Азубаев пен оның жетекшілігіндегі «Еураз-шоудың» әртістері де өнер көрсетті. Шығысқа келген сайын шашбауын көтеріп, демеу болып жүрген Ғибрат Азубаевқа алғысын білдірген әнші оның өнерпаздарын Алматыда өтетін концертінде өнер көрсетуге шақырды.

Кеш қыза келе көрермендер арасынан әншіге хат арқылы нақты тапсырыс беріп, өтініш жасаушылар да болды. Мақпал мақпал даусымен сызылтып, олардың да өтінішін орындап бақты.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив