ШҚО әкімдігі жолда қалған ана мен балаға тікұшақпен дәрігер жіберді
Бүгін таңертең Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері жолда қалған жас ана мен балаға тікұшақпен аттанды. Қарғын судың салдарынан кейбір бағыттағы жолдарда автокөлік қатынасы уақытша тоқтатылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Нақты айтқанда, тасқын судың жолға жайылуынан кешелі бері Қалбатау-Майқапшағай республикалық трассасының Абай облысы, Көкпекті ауданына қарасты аумағындағы учаскесі жабылып, көліктердің жүруі шектелген болатын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 26 наурыз күні Өскемендегі Ана мен бала орталығына Тарбағатай ауданынан 22 жастағы аяғы ауыр әйел жатқызылған. Орталықтың перзентхана дәрігерлері жас ананы кесар тілігі арқылы аман-есен босандырып алған.
Кеше, 1 сәуірде ана мен сәбиі үйге шығарылған. Алайда жас босанған ана мен сәбиі үйіне жете алмай Көкпекті ауданының Тассай ауылында аялдауға мәжбүр болған. Өйткені бұл өңірде қарғын су жолдарды басып, автокөлікпен қатынау мүмкін емес еді.
ШҚО әкімі аппаратының авиациялық бөлімшесінің тікұшақтары осындай қысылтаяң сәттерде, әсіресе адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, науқастарға шұғыл көмек қажет болғанда қолданылады. Айталық, биыл қаңтарда Марқакөл ауданында қар қалың жауып, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде ауыл тұрғындарына азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілген болатын. Сол сияқты қолайсыз ауа райына байланысты Марқа өңірінде көлік қатынамай қалғанда Төсқайың ауылының 72 жастағы науқас тұрғыны облыс орталығына әуе көлігімен жеткізілген-ді.
Бұдан бөлек ақпанның ақ түтек боранында Көкпекті ауданы аумағында жолда қалған жолаушыларды құтқарғанда, Күршім ауданының Маралды ауылдық округінде боранда жоғалып кеткен екі адамды іздегенде, электр желісі істен шығып, бірнеше елді мекен электр қуатынсыз қалғанда және басқа да төтенше жағдайларда арнайы мамандардан жасақталған бригаданы діттеген жерге осы тікұшақтар жеткізіп отырғанын айта кету керек.