Өскемен тұрғыны 10 жыл бойы екі елдің зейнетақысын алып келген
Осы жылдар бойы төлемдер Қазақстан және Ресей тарапынан жүргізілген.
Бұл өрссаел заңбұзушылық ағымдағы жылдың сәуір айының басында Өскеменде Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықпен салыстыру барысында анықталды.
Анықталғандай, 2004 жылы облыс орталығының тұрғыны Алтай аймағында шет мемлекеттің азаматтығын алып, Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатын рәсімдеген. Алайда бұл туралы Қазақстан Республикасының тиісті органдарына хабарламаған. 71 жастағы әйел зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін 10 жыл бойы Ресейде де, Қазақстанда да төлемақы алып келген. Енді бұл қаражаттарды қайтаруы тиіс.
- Қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін 2022 жылдың 4 сәуірінде шетелдік әйел ҚР ӘҚБтК 496 бабы бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ қазіргі уақытта одан қазақстандық құжаттар тәркіленіп, Қазақстан Республикасы азаматтығының күшін жою тіркелді, - деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері тәртіп сақшылары азаматтық туралы заңды бұзған 20-дан астам тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
ПД Көші-қон қызметі азаматтарды басқа елдің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру фактісін дер кезінде тіркеу қажеттігін хабарлайды.