Шығыстың үздік қаржыгерлері марапатталды
Бүгін елімізде Ұлттық валюта күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтілді.
1993 жылы егемен еліміздің өз валютасы – төл теңгеміз айналымға енгізілді. Бұл нарықтық экономиканы құрып, дамытуға мүмкіндік берді. Ұлттық валютамыз жас мемлекеттегі ақша жүйесінің негізіне айналды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл күні қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Олар қаражатты сауатты жоспарлау және тиімді бөлу мәселелерін шешеді. Олардың қызметі – жоғары құзыреттілікті ғана емес, сонымен қатар цифрлардың арғы жағынан халықтың қажеттіліктерін көре білуді талап ететін қажырлы еңбек.
Мереке күні осы саланың үздік қызметкерлері түрлі наградалар мен Құрмет грамоталарына ие болды.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев 30 жыл ішінде елімізде дербес қаржы-экономикалық және кредиттік саясат қалыптасқанын, ал ұлттық валютамыз біз мақтан тұтатын игілікке айналғанын атап өтті.
Сондай-ақ өңір басшысы отыз жыл ішінде облыс бюджеті 10 миллиард теңгеден 496 миллиард теңгеге дейін өскенін атап көрсетті. Бюджеттік процесті цифрландыруда үлкен серпіліс болды. Бүгінгі таңда барлық бағдарламалар автоматтандырылған. Бірлескен және үйлесімді жұмыстың арқасында облыс экономикасының тұрақты дамуы қамтамасыз етіліп отыр.
Марапатталғандардың арасында – облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы базалық салалар бөлімінің басшысы Әлем Мамашев бар. Бұл салада ол бес жылдан астам жұмыс істеп келеді.