ШҚО-да әскери-патриоттық лагерь ашылды (видео)
Самар ауданына қарасты Новостройка ауылында әскери-патриоттық лагерь өз жұмысын бастады.
Ақыл-ойды ұштап, төзімділікке баулитын он күндік лагерьге облыс аумағынан 45 бала қатысуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұқтырма су қоймасының жағасындағы «Балауса-2» балалар лагерінің базасындағы демалысқа 7-8 сынып оқушылары шақырылған.
Он күндік демалыста оқушыларды әскери дайындық бойынша танымдық сабақтар, дене шынықтыру жаттығулары мен ойындар, сондай-ақ, туристік жорықтар күтіп тұр.
Жазғы уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуге келген оқушылар демалысты сапқа тұрып, салтанатты ант қабылдаудан бастады.
– Лагерге Риддер қаласынан келдім. Алғашқы күннен бастап барлығы ұнап жатыр. Бүгін ант қабылдадық. Өзімді сарбаз ретінде сезініп, бойымды ерекше сезім кернеп тұр, – деді оқушы Қайыржан Дарханұлы.