«ARAL - 2024» жасылдар партияларының халықаралық I саммиті өтті
Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында «ARAL - 2024» жасылдар партияларының халықаралық І саммиті өтіп жатыр.
Арал теңізінің ахуалы адамзатты алаңдатып отыр. Орталық Азия және Каспий маңы елдері қоршаған ортаны, соның ішінде Арал теңізін қорғау бағытында ортақ келісімдер мен шешімдер қабылдап келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде де Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар жасалып жатқанын атап өтті.
Климаттық өзгерістерге төтеп беру, апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану — жауапкершілігі мен маңызы жоғары кешенді жұмыс. Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы айтулы мәселелерді шешу үшін түрлі деңгейде бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударғысы келеді. Осы орайда тұңғыш рет бірқатар мемлекеттегі жасылдар партияларының басын қосып жатқан «ARAL - 2024» саммитінің арқалайтын жүгі ауыр.
Саммитте күн тәртібіндегі экологиялық мәселелердің шешу жолдары және солардың түйінін тарқатудағы жасылдар партияларының рөлі сараланып жатыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының ықпалы да талқы тақырыбына айналды. "Байтақ" партиясы қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін беретін бастаманы қолдап, өз үлесін қосып келеді.
Саммиттің ашылуында сөз алған «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев су қауіпсіздігі – Орталық Азиядағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ол «Байтақ» партиясының Қазақстан гидросферасын сақтауға қосқан үлесіне тоқталды. Мысалы, партия су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша семинарлар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, Арал және басқа өңірлерді көгалдандыру жобаларын жүзеге асыруда, сондай-ақ ағынды және ластанған суларды тазарту мен қайта пайдалану бойынша жаңа технологияларды енгізуде.
Ал Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаев аймақ республикалары үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде өзекті мәселе екенін атап өтті.
Спикердің айтуынша, бүгінде Қырғызстанда қоршаған ортаны қорғау тек коммерциялық мүдделер мен баюды көздейтіндердің қысымына төтеп бере алмай отыр. Адам факторы мұздықтардың еруіне әкеліп, ерекше алаңдаушылық туғызуда. Болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай Қырғызстандағы мұздықтардың ауданы орта есеппен 30-40%-ға қысқаруы мүмкін. Қазірдің өзінде шамамен 604 мың қырғызстандық ауыз су тапшылығын сезінуде.
Ресейдің экологиялық «Жасылдар» партиясының тең төрайымы Александра Кудзагова табиғатта болып жатқан ауқымды үдерістер мен өзгерістерді халыққа жеткізуде «жасыл» партиялардың рөлі зор екенін атап өтті. Су тасқын сияқты табиғи апат 50 жылға жетпей қайта қайталанады, ал кейіннен бұл құбылыс қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. «Жасыл» партиялар – ғылыми білімдерді халыққа түсіндіретін, апаттардың алдын алуға көмектесетін маңызды күш-құрал.
Өз баяндамасында А.Кудзагова атом энергетикасын дамытуды қолдау және оның артықшылықтары туралы да айтты. Бұл тек экономикаға ғана емес, сонымен бірге су мәселелерін шешуге де ықпал етеді.
Моңғолияның «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы төрағасының орынбасары Тогоочийн Бат-Эрдэнэ «Жасыл синергия: өңірлік экологиялық мәселелерді шешу және ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.
Өзбекстан экологиялық партиясы атынан партияның Орталық кеңесі Атқарушы комитетінің бөлім жетекшісі Комилжон Жураев сөз сөйледі. Ол партияның ауаның ластануын болдырмау, биологиялық әртүрліліктің қысқаруын азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ауқымды жұмыстарына белсенді қатысып отырғанын атап өтті.
Іс-шараның қорытындысында спикерлер «ARAL – 2024» жасыл партиялардың I саммиті экологиялық мәселелердің ауқымын түсініп қана қоймай, сондай-ақ бірлескен тиімді ынтымақтастық үшін платформа құруға арналғанын атап өтті. Олар тек бірлесе отырып қана климаттық сын-қатерлерді шешуге, экожүйелерді нығайтуға және табиғи байлықты сақтауға қадам жасауға болатынын айтты. Жиналғандар Қазақстанндық «БАЙТАҚ» жасылдар партиясының төрағасы А.Әміртаевтың жасылдар саммитін тұрақты негізде өткізу қажеттілігі туралы мәлімдемесін қолдады.
Саммит барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолия жасыл партиялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар табиғатты қорғау шараларын өткізу, халық арасында экологиялық білім мен үгіт-насихатты бірлесіп кеңейту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы тәжірибе мен білім алмасу жөнінде келісімге келді.
Саммит барысында Шығыс Қазақстан облысынан «Байтақ» партиясының филиалының атқарушы хатшысы Джакишев Алмаз «Байтақ» партиясының мерекелік медалімен наградталды. Ол өз сөзінде Арал мәселесінің қазіргі уақытта жаңа сатыға ауысқанын тілге тиек етті. «Еліміз бұрыңғы теңіздің орнына жаңаша технологияларды қолдана отырып, тұздар мен құмды дауылдардан қорғау үшін сексеуіл ағашын отырғызудың әдістерін қолданылуда. Ағаш отырғызудың маңыздылығы бұрынғыдан да өзекті болып отыр, бұл өз кезегінде сол өңірдің экологиясының жақсаруына үлкен үлес қосады. Көрші Өзбекстанда да осындай іс-шаралар өткізіліп жатыр, сондықтан Саммитке Өзбекстанның Жасылдар партиясының қатысуы өте маңызды деп санаймын. Шығыс Қазақстан облысында біз жыл сайын ағаш отырғызуды кеңінен насихаттап жүрміз. Сонымен қатар, «Жасыл Қазақстан», «Жасыл желек», «Менің атаулы ағашым» атты акциялар мен «Жасыл аула» жобасы аясында 2 жылда 15 мыңға жуық әртүрлі ағаш отырғызуға үлес қостық, - деді ол.