ШҚО-да биыл 4 бала терезеден құлап кетті
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 4 бала терезеден құлаған.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен 4 бала құлап кетті. Оқиға Өскемен, Алтай, Семей қалалары мен Бородулиха ауданында тіркелді. Өткен жылы осындай 9 жазатайым оқиға болған. Балалар түрлі дене жарақаттарын алды.
«Көп жағдайда балалардың құлауы ересектердің оларды қараусыз қалдыруы салдарынан болып жатады. Бүлдіршіндер терезе алдында тұрған жиһазға шығып, жақтауға өз беттерімен көтеріледі. Содан кейін москит торына сүйенеді де терезеден құлап кетеді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД мамандары ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмай, барынша сақ болуға шақырады.