KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 2 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Әскерге шақыру тек заң аясында іске асуға тиіс

29.04.2025, 16:30 219 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны Өскемен гарнизоны әскери прокуратурасының қатаң қадағалауымен жүзеге асырылып жатыр.

Әскери прокуратура қорғаныс істері жөніндегі органдардың қызметіне тұрақты бақылау жүргізуде, оның ішінде азаматтардың облыстық әскерге шақыру пунктіне жеткізілуінің заңдылығы да бар. Азаматтар негізсіз жеткізілгені анықталған жағдайда, олардың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар дереу қабылданады.

Алайда әскерге шақырумен байланысты заңбұзушылықтар тек лауазымды тұлғалардың әрекеттерінен ғана туындамайды. Әскерге жарамды кейбір азаматтардың әскери міндеттен заңсыз жалтаруға талпыныстары да жиі кездеседі.

Мәселен, 2024 жылы алаяқтық деректері тіркелді. Аудандық қорғаныс істері бөлімінің азаматтық қызметкері өзінің құзыретіне жатпаса да, бірқатар азаматтарға әскерге жарамсыз деген құжаттарды заңсыз жасап беремін деп уәде берген. Нәтижесінде ол он шақты азаматты алдап, 4 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Тергеу нәтижесінде кінәлі тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ал әскери қызметтен жалтармақ болған азаматтар заң талабына сәйкес мерзімді әскери қызметке жіберілді.

Осыған байланысты әскери прокуратура әскерге шақыруға қатысты барлық мәселелердің тек заң аясында шешілуі керектігін еске салады. Әскерге шақырылатын азаматтар мен олардың ата-аналарына күмәнді ұсыныстар немесе құқыққа қайшы әрекеттер байқалған жағдайда, бұл туралы әскери немесе басқа да жергілікті құқық қорғау органдарына хабарлауды ұсынамыз.

Жергілікті халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасы жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әскерге шақырудың заңдылығы бойынша сұрақтармен жүгінген азаматтарға қажетті кеңес беріліп, заң талаптары түсіндіріледі.

Әскери прокуратураның барлық қызметі «Заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз етуге бағытталған. Әскерге шақыру саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.

 

Е. Сыбанбаев,

Өскемен гарнизонының әскери прокуроры

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу