KZ
Өскемен
+28°
переменная облачность жел 1 м/с, В
510.59 578.91 6.37

ШҚО-да еңбек қауіпсіздігін жасанды интеллект күшейтеді

ШҚО ӨКҚ

29.04.2025, 16:06 222 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа кезеңі басталғалы тұр. Аймақта өндіріс орындарындағы еңбек жағдайын бақылау үшін жасанды интеллектке негізделген бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы енгізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Жаңа жүйе өндірістегі қауіпті аймақтарды онлайн бақылауға, жұмысшылардың еңбек жағдайын қадағалауға және қауіп-қатерлерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Платформаның пилоттық іске қосылуы 2025 жылға жоспарланған. Алдымен бес ірі кәсіпорында сынақтан өткізіледі. 2028 жылдан бастап бұл жүйе қауіпті өндірістер үшін міндетті құралға айналмақ, – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазірдің өзінде облыста 3786 кәсіпорынды қамтитын «Еңбек тәуекелдерінің картасы» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. 2025 жылғы 25 сәуірдегі мәлімет бойынша 31 кәсіпорын әлеуметтік тұрақсыздық қаупі жоғары, 49 кәсіпорын орташа тәуекелді, 3705 кәсіпорын ең төменгі тәуекел санатына жатқызылған.

Карта іске қосылған 2024 жылдың қыркүйегінен бері еңбек инспекторлары 170 кәсіпорынды жоғары тәуекел аймағынан шығарды, нәтижесінде 3800-ден астам жұмысшының құқығы қорғалды. Осы аралықта 42,1 млн теңге көлеміндегі жалақы қарызы өтелді, 72 еңбек заңнамасын бұзу дерегі тіркелді, 25 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8,1 млн теңге айыппұл салынды.

Цифрлық платформаның енгізілуі – тек техникалық жетістік емес, бұл жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған стратегиялық қадам. Бұл бастама Дүниежүзілік еңбек қауіпсіздігі күніне орай қолға алынды. Айта кетейік, бұл күн жыл сайын 28 сәуірде аталып өтіледі. Биылғы ұран: «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына революциялық көзқарас: жұмыс орындарындағы жасанды интеллект пен цифрландырудың рөлі».

Еңбек қауіпсіздігі – адам құқығының кепілі. Ал оны заманауи технологиямен қамтамасыз ету – уақыт талабы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу