KZ
Өскемен
-20°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
503.9 603.32 6.61

Жеті елдің ғалымдары Өскеменде бас қосты (видео)

5.06.2025, 13:40 514 Арайлым Орсаринова

Бүгін С. Аманжолов атындағы ШҚУ базасында Қазақстандық физикалық қоғамының (KPS) IV дәстүрлі, екі күнге созылатын халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады. Осыған орай облыс орталығына Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Ирландия, Малайзия, Польша және Қазақстанның өзге қалаларынан жетекші ғалымдар мен зерттеушілер келді. Мамандардың айтуынша, ағылшын тілінде өтетін конференция халықаралық деңгейде ғылыми диалог құрып, озық тәжірибе алмасу мен физика және оған іргелес ғылымдар саласындағы зерттеулерді үйлестіруге арналған бірегей алаң болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстандық физикалық қоғамының IV жыл сайын өтетін конференциясы – елдің ғылыми қауымдастығы үшін аса маңызды шара. Алқалы жиын барысында заманауи физика мен іргелі және қолданбалы физика саласындағы соңғы жетістіктер, физика ғылымының өзекті бағыттарын одан әрі дамыту мәселелері қаралады. Конференция жұмысының басты мақсаты – халықаралық зерттеу стандарттарын ілгерілетуге, академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның жаһандық ғылыми аренадағы орнын нығайтуға ықпал ету. Жеті елден келген ғалымдар отандық ғылымның даму көрсеткіштерін саралап, физика ғылымы мен технологияларды дамытудың стратегиялық басым бағыттарына талдау жасады.

– Біздің алаңда осындай құрметті ғылыми қауымдастық өкілдерін қабылдау үлкен мәртебе. Бұл конференция Қазақстанның жетекші физиктерін, жас зерттеушілерді, оқытушыларды, білім алушыларды біріктіретін, ғылымға құмар және жаңа жаңалықтарға ұмтылатын маңызды дәстүрге айналды. Сіздерге конференция барысында нәтижелі жұмыс істеп, жаңа білім алып, идеяларыңызбен бөлісіп, жемісті пікір алмасулаларыңызға тілектеспін!  – деді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген конференцияның ашылуында. 

Шығыс Қазақстан облысының орталығы – бүгінде республика бойынша өнеркәсіптік және ғылыми әлеуеті зор қала. Сол себепті осындай ауқымды шараның табиғаты көркем Өскеменде өтуі де бекер емес. Атап айтар болсақ, мұнда Үлбі металлургия зауыты, Титан-магний комбинаты (ӨТМК) және «Казцинк» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар орналасқан. Конференция бағдарламасының шеңберінде шетелдік ғалымдар Үлбі металлургиялық зауыты мен «Казцинк» зауыттарының музейлерін аралап, өңірдің бай тарихымен, сондай-ақ аймақтағы іргелі оқу орны және өндіріс орындары бірлесіп жүзеге асырып жатқан ғылыми жобалармен танысты. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Тұрақты энергетика жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Чокан Лаумулин Қазақстандық физикалық қоғамының IV жыл сайынғы конференциясы аясында жан-жақты қарастырылатын ғылым мен технологияның өзара байланысына ерекше тоқталды.

– Біз Алматыда Кембридж университетінің ғалымдарымен бірлесіп «Аккас» жобасы аясында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жоба негізінде крионика мен асқын өткізгіштік саласында іргелі зерттеулер жүргізілуде. Бүгінгі таңда адамзат өндірілген энергияның едәуір бөлігін тасымалдау кезінде жоғалтады. Егер біз асқын өткізгіш материалдарды жасап, оларды кең көлемде қолдана алсақ, энергияны шығынсыз тасымалдауға қол жеткіземіз. Бұл, әрине, оңай шаруа емес, көп ғылыми зерттеу мен тәжірибе қажет. Бірақ дәл осындай жаңалықтар адамзаттың болашағын қалыптастырады: жаңа технологиялар, арзан әрі таза энергия, экологиялық қауіпсіз экономика – осының барлығы ғылым мен физикаға тікелей байланысты, – деді Чокан Лаумулин. 

Конференция барысында пленарлық отырыстар мен секциялық баяндамалар, постерлік сессиялар, Web of Science және Scopus базаларында индекстелген журналдарда жарияланған ғылыми еңбектер пысықталды. Атап өтелік, жас ғалымдар мен студенттердің ғылымға тартылуына ерекше көңіл бөлініп отыр, ал бұл өз кезегінде елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – жетпіс жылдан астам тарихы бар өңірдегі жетекші көпсалалы жоғары оқу орны. Бүгінде аталмыш университет 137 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды, ал білім алушылардың жалпы контингенті 10 000-нан асады. Университет құрылған уақыттан бастап облыс пен республиканың орта білім беру мекемелеріне, мектептер, жоғары оқу орындары үшін 2500-ден астам физика мұғалімін даярлады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта университеттегі докторанттар саны 19 есеге, яғни 12 білім беру бағдарламасы бойынша 7 докторанттан 137 докторантқа дейін өскен.

Сонымен қатар, университет оқытушылары мен қызметкерлерінің бәсекеге қабілеттілігінің, жоғары ғылыми деңгейінің, коммерциялық тартымдылығының, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының инновациялылығының ең көрнекі көрсеткіштерінің бірі – ғылыми зерттеулердің нәтижелерін патенттеуге ерекше назар аударылуда. Мәселен 2018-2025 жылдары аралығында 50-ден астам өнертабысқа Қазақстан Республикасының патенті және зияткерлік меншікке 80-нен астам авторлық куәлік алынған. Осы орайда бұл оқу орнында тың идеяларды пайдалы технологияға айналдыруға жете мән берілетінін атап өтуге болады.

Фото: Жалғас Сакадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу