KZ
Өскемен
+2°
плотный туман жел 1 м/с, З
520.48 574.61 6.06

Өскеменде білікті физиктердің басын қосқан халықаралық конференция өтіп жатыр

3.04.2025, 12:10 240 Рағызбаева Ақерке

00:00
00:00
 

Өскеменде Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ профессоры Сергей Викторович Плотниковты еске алуға арналған «Қатты дене физикасы» тақырыбындағы XVI Халықаралық ғылыми конференция басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Қатты дене физикасы» халықаралық ғылыми конференциясы 1986 жылдан бастап республиканың әртүрлі қалаларында өткізіліп келеді. Бұл конференция қатты дене физикасының іргелі және қолданбалы мәселелеріне арналған.

– Конференцияның мақсаты – қатты дене физикасы саласындағы білім, тәжірибе және соңғы жетістіктермен алмасуға ықпал ету. Сондай-ақ қатты дене физикасының дамуына үлес қосқан профессор Сергей Викторович Плотниковты еске алу. Іс-шара зерттеушілерді, инженерлерді және жас ғалымдарды біріктіріп, профессор жұмысының тақырыбына байланысты өзекті зерттеулерді талқылауға, озық тәжірибелермен алмасуға, ғылыми және пәнаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған, – деді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жетекші ғылыми қызметкері, PhD Дидар Қайратұлы.

Конференция аясында 70-тен астам ғылыми мақала мен зерттеу қабылданды. Назарбаев университетінің аға ғылыми қызметкері, қауымдастырылған профессор, PhD Аманжол Тұрлыбекұлы профессор Сергей Викторович Плотниковпен тығыз қызмет атқарғанын және ұлы тұлғаның ғылыми жолы туралы баяндама жасады.

– Сергей Викторович медицина саласындағы материалтану бағытына орасан зор еңбек сіңірген ғалым. Онымен бірлесіп жасалған ғылыми мақалалар әлем бойынша ең көп оқылатын әрі көп дәйектелетін еңбектердің қатарында, тіпті топ-10-дыққа кіреді. Оның бастамасымен өндірістік 3D принтер алынып, алғашқы импланттар шығарылды. Сондықтан оны бірегей тұлға ретінде қарастыруға толық негіз бар. Ол өз қарамағындағы студенттеріне мейірімін көрсетіп, қолдап, білгенін аямай үйреткен адам. Оның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде лауазымды қызметтер атқарып жүр десек, артық айтқандық емес, – деді Аманжол Тұрлыбекұлы.

Конференция қорытындысы бойынша халықаралық және отандық сарапшылар төменде көрсетілген журналдарда жариялау үшін үздік мақалаларды іріктейтін болады.

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу