Өскеменде Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті
Өскеменде «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын құрушы, Алашорда автономиялық үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» аттыхалықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференция әдеттегіден бөлек, ZООM үлгісінде болды.
- Жиынның мақсаты- Алаш қозғалысының көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын құрушы, ғалым Әлихан Бөкейханның қайраткерлік қызметі мен құнды мұрасын Тәуелсіз елдің темірқазығы ретінде жас ұрпаққа түсіндіру, насихаттау, - дейді тарих магистрі, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Жаннета Амангелдіқызы.
Айта кетейік, «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын! атты халықаралық ғылыми конференцияға Қазақстан, Түркия және Ресей елдерінің жоғары оқу орындарының алаштанушы, әлихантанушы тарихшы-ғалымдары қатысты. Алқалы жиын Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың алғы сөзімен ашылды.
Конференция барысында Алаш қозғалысы және Әлихан Бөкейхан туралы 11 адам тарихи зерттеу еңбектерімен таныстырды.
«Алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, ендігі жолы өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп, қазақтың бақытты болашағын болжап кеткен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға арналған конференцияда жасалған баяндамалар жеке кітапша болып басылып шығарылады.