Өскеменде әлем физиктері бас қоспақ: халықаралық конференциясы басталды
Фото: pixabay.com
Бүгін, 5 маусымда Шығыс өңірінің белді оқу ордаларының бірі С.Аманжолов атындағы Қазақстан университетінің базасында Қазақстандық физикалық қоғамының IV халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады. Оған қатысуға Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Ирландия, Малайзия, Польша және Қазақстанның түрлі өңірлерінен жетекші ғалымдар ағылып келуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі университеттің баспасөз қызметі ақпаратына сүйене отырып.
Конференцияның басты ерекшелігі — оның толықтай ағылшын тілінде өтуі. Бұл шара халықаралық ғылыми диалогты дамытып, физика және оған іргелес ғылымдар саласындағы зерттеулерді үйлестіруге, озық тәжірибе мен жаңалықтарды ортаға салуға бағытталған.
Ауқымды ғылыми жиын аясында қатысушылар Өскемен қаласының өндірістік және ғылыми әлеуетімен де таныспақ. Шетелдік ғалымдар үшін Үлбі металлургия зауыты мен «Казцинк» кәсіпорындарының музейлеріне экскурсиялар ұйымдастырылып, өңірдің ғылым мен өндірісті тоғыстырған тәжірибесі таныстырылады.
Конференция бағдарламасына пленарлық отырыстар, секциялық баяндамалар мен постерлік сессиялар енген. Web of Science және Scopus базаларында жарияланған еңбектер ұсынылып, жас зерттеушілер мен студенттердің ғылыми ізденістеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Шара Қазақстан ғылымының халықаралық деңгейде дамуына, зерттеу сапасының артуына және академиялық ынтымақтастықтың нығаюына серпін бермек.