Семейде электронды қондырғылар өндіретін индустриялық парктің құрылысы басталды
Семейде чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін индустриялық парктің құрылысы басталды. Жоғары технологиялық өнімдер өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жобаны қазақстандық-қытайлық бірлескен компания «SUTO KAZAKHSTAN» ЖШС Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағында жүзеге асырады. Жаңа кәсіпорында чип, оптоэлектронды модуль, интеллектуалды хост-контроллер, қуат блогы, энергия үнемдейтін шамдар мен электронды дисплейлер өндірілетін болады.
Өңір делегациясы жақында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Алтай қаласына барып, халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясына қатысып қайтқан еді. Ауқымды шара аясында Абай облысы мен қытай инвесторлары арасында құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Жаңа өндіріс орнының іргетасының қалануы сол сапардың алғашқы нақты нәтижесі.
Жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жоғары технологиялық салаларды дамытуға үлкен серпін бермек.
Ерекше атап өтерлігі, кәсіпорын Семейдегі IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін зауытқа тұрақты жұмысқа алуға ниет білдіріп отыр. Оқу орны мен компания өкілдері келісімге келіп, ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Жоба құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. 2025-2028 жылдар аралығында үш кезеңмен іске асырылады. Болашақта зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, ТМД елдері мен Еуропаға экспортталмақ.