Мемлекеттік шекара – мемлекеттің іргесі: депутаттар шекарашылардың өмір сүру жағдайын саралады
Ел қауіпсіздігін нығайтып, қорғаныс қабілетін арттыру – бірінші кезектегі мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында бұл мәселеге ерекше тоқталып өтеді. Шығыс Қазақстан облысына іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған комитет мүшелері облыс басшылығы және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерімен бірлесе өңірдегі шекара инфрақұрылымын бағамдап, шекарашылардың тұрмыстық жағдайымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен басқосуда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов жұмыс сапарымен аймаққа келген ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған комитет мүшелерімен таныстырды. Олардың арасында қоғам қайраткерлері Дәулет Тұрлыханов, Константин Авершин, Болат Керімбек, Олжас Құспеков, Юлия Кучинская, Самат Нұртаза, Асхат Рақымжанов сынды депутаттар бар. Келелі кездесу барысында мемлекеттік шекара режимін сактауға байланысты мәселелерді шешу бойынша бірлескен іс-шаралардың жоспары талқыланды. Жиынға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұманов пен мемлекеттік шекараны күзету және қорғауға жауапты жергілікті сала өкілдері, облыстық департамент пен басқарма басшылары, сондай-ақ онлайн-форматта алты аудан әкімінің орынбасарлары қатысты.
Маңызды мәселелер көтерілген басқосуда жауаптылар мемлекттік шекара және бақылау-өткізу бекеттеріндегі режимді қамтамасыз ету ортақ мүдде деп, мемлекеттік шекараны күзету барысындағы халықаралық келісімдерден туындайтын міндеттемелерді орындаудың аясында стратегиялық маңызы зор шекаралық аудандардың географиялық жағдайын, транзиттік әлеуетін мүмкіндігінше пайдалану керектігін алға тартты. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің облыстық департамент бастығы Бауыржан Садықов өңірдегі шекара заставаларының инфрақұрылымы туралы баяндама жасап, қазіргі уақытта ғимараттардың ескіргенін, сонымен қатар, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жағынан да жаңғыртуды қажет ететінін жеткізді. Бұған дейін Мәжіліс депутаттары облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге Катонқарағай ауданындағы Р. Батырханов атындағы Шындығатай шекара заставасына барып, жай-күйімен танысып қайтқан еді.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов мемлекеттік шекараны қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығы мен басымдылығына тоқталып, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері «Үбі» шекара заставасына барып, ондағы жеке құрамның жауынгерлік қызметі, өмірі және тұрмыстық жағдайымен танысу арқылы алдағы уақытта атқарылатын шараларды белгілеуді жоспарлап отыр. Депутаттар осындай бірлескен кешенді жұмыстың нәтижесінде ғана Шекара қызметінің күнделікті жұмысы мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне жоғарыдан жіті көңіл аударылып, өзекті мәселелері оң шешілетінін атап өтті.
Фото: Екатерина Семина
Видео: Евгений Щетников