Омбы – Майқапшағай тас жолы: ШҚО әкімі құрылыс барысын тексерді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына барды. Сапар барысында аймақ басшысы жергілікті халықты толғандырып жүрген маңызды мәселелерге тоқталып, тұрғындармен кездесті. Әсіресе көп жылдан бері толық бітпей келе жатқан Омбы – Майқапшағай халықаралық тас жолының құрылысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған жолдың құрылысы 2018 жылы басталған. Бірақ әлі күнге дейін толық аяқталмаған. Жөнделмеген тұстары көп, бұл тұрғындар мен көлік жүргізушілерге қолайсыздық тудырып отыр. Осыны ескерген облыс әкімі жол құрылысымен айналысып жатқан мекеме өкілдерінің есебін тыңдап, нақты тапсырмалар берді.
Жолдың жалпы ұзындығы – 415 шақырым, оның 231 шақырымы ШҚО аумағы арқылы өтеді. Қазіргі таңда 214 шақырым жолда асфальт төселіп, көлік қатынасы қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі жол құрылысының созылып кеткенін сынға алды.
Жол – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылым. Сондықтан облыс әкімі құрылыс жұмыстарының жүрісін өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Сапар аясында өңір басшысы аудан халқымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайтын болады. Сонымен қатар жаңа салынып жатқан спорт және мәдениет нысандарының құрылысымен, аудандық аурухананың жұмысымен танысады.
Фото: Махаббат Ахметжанова















