KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

«Jas Keñes Siylığı» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды

2.07.2025, 12:45 300 Айна Ескенқызы

Ел Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен жыл сайын өткізілетін «Jas Keñes Siylığı» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды. Бұл сыйлық ел экономикасы мен қоғам өмірінің маңызды салаларында абыройлы еңбек етіп жүрген жас мамандардың еңбегін тануға және қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Jas Keñes Siylığı» сыйлығына қатысу тәртібі талқыланды. 

Игі бастама Мемлекеттік кеңесші, Кеңес төрағасы Ерлан Кариннің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Жобаның бас демеушісі – «Brave Talents» компаниясы және оның негізін қалаушы Алмас Жали. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі де қолдау білдіруде.

«Jas Keñes Siylığı» – мемлекеттік марапаттармен бәсекелеспейтін, керісінше, көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды мамандықтардың маңызын көрсететін азаматтық бастама. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын өміршең етудің нақты көрінісі.

Биыл сыйлық 10 номинация бойынша 20 жас маманға табысталады. Әр жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы қарастырылған. Үміткерлерге қойылатын басты талап – 35 жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының азаматы болу. 

- «Jas Keñes Sıylığı» — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен 2024 жылы құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы. Бұл сыйлық еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің негізгі салаларында өзін таныта білген жас мамандарға табысталады. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар және атом өнеркәсібі саласының өкілдері сияқты жаңа мамандықтар енгізілді, - деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Бақытжан Ерболқызы.

Биыл номинациялар саны 7-ден 10-ға дейін кеңейтілген:
•    «Janqıarlyq» — ҚР ішкі істер органдары мен қарулы күштерінің қызметкерлеріне арналған;
•    «Altyn jürek» — орта және кіші медицина қызметкерлеріне (жедел жәрдем, акушер, санитар және т.б.) және дәрігерлерге арналған;
•    «Önerkäsıp» — өңдеу өнеркәсібі, тау-кен-металлургия кешені және экономиканың басқа да өндірістік секторларында жұмыс істейтіндерге арналған;
•    «Bolaşaq turaly qamqorlyq» — инклюзивті оқу орталықтарының қызметкерлеріне, арнайы қызмет көрсететін ұйымдарға, әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге (балалар үйлері, хоспистер, қарттар үйлері, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету орталықтары және т.б.), сондай-ақ волонтерлерге арналған;
•    «Bılım jäne Ğylym» — мектепке дейінгі, орта, ТжКБ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне, сонымен қатар ғалымдар, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілерге арналған;
•    «Qaisar» — авариялық-құтқару қызметі, өрт сөндірушілер және азаматтық қорғаныс жүйесінің өзге де ұйымдарының қызметкерлеріне арналған;
•    «Altyn qol» — сырлаушы, сантехник, құрылысшы және т.б. жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне, сондай-ақ КСК, МИБ және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың қызметкерлеріне арналған;
•    «Zharyq» — энергетика саласының, атом өнеркәсібінің, мұнай-газ кәсіпорындарының қызметкерлеріне арналған;
•    «Örken» — агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы мамандарға арналған;
•    «Örleu» — ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (оның ішінде жасанды интеллект, деректерді талдау және т.б.) және креативті индустриялар саласының қызметкерлеріне арналған.

Байқауға қатысуға өтінімді 2025 жылғы 20 маусым мен 20 шілде аралығында https://www.jas-kenes.kz/application сайтында беруге болады.
Конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы бойынша әр номинациядан 2 жеңімпаздан, барлығы 20 жеңімпаз анықталады.

Байқаудың жүлде қоры – 20 миллион теңге (әр жеңімпазға 1 миллион теңгеден).

Сыйлықтың бас серіктесі және демеушісі - «Brave Talents» компаниясы.

Сыйлық пен Кеңестің қызметі туралы толық ақпаратты www.jas-kenes.kz сайтынан біле аласыздар.

Фото: Жалғас Сакадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу