KZ
Өскемен
-18°
туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Үкіметте энергетика және цифрлық инфрақұрылым саласындағы жобалардың жүзеге асуы қаралды

Фото: primeminister.kz

4.07.2025, 11:00 236 Ержан Әбіш

Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын орындау аясында, оның ішінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды ескере отырып, энергетика және инфокоммуникациялық саладағы негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеңесте энергетика министрі Ерлан Әккенженов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәбидолла Айтжанов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов баяндама жасады.

Мемлекет басшысы еліміздің электр энергиясымен толық өзін-өзі қамтамасыз етуін және қор құруды басты міндет ретінде белгілеген болатын. Осы мақсаттағы энергетикалық жобаларды іске асыру – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызды қадам. Энергожүйенің сенімді әрі болжамды жұмыс істеуі өнеркәсіптік өсім мен өңірлердің даму негізін қалыптастырып қана қоймай, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу секілді жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда қазіргі кезде 230 электр станциясы жұмыс істейді, оның ішінде 156-сы жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) жатады, жалпы орнатылған қуаты 3 ГВт-тан асады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елде өндірілген электр энергиясы 117,9 млрд кВт/сағатты құраған, ал тұтыну көлемі 119,9 млрд кВт/сағат болған.

Энергетика министрі Ерлан Әккенженовтің айтуынша, тапшылықты жабу және қуаттарды жаңарту мақсатында 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт энергия өндіретін кешенді даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта 10 ГВт-тық жобалар әртүрлі дайындық кезеңінде тұр. Бұдан бөлек, қолданыстағы станцияларды жаңғырту арқылы тағы 5 ГВт қуат енгізу көзделген. 2025 жылы 621,5 МВт қуатты іске қосу жоспарланып отыр, оның ішінде 166 МВт дәстүрлі энергия көздеріне, ал 455,5 МВт жаңартылатын көздерге тиесілі.

Кеңесте зиянды заттар шығарындылары өте аз болатын таза көмір технологиясына негізделген жобаларға ерекше назар аударылды. Бұл ретте Экибастұздағы 2,6 ГВт қуаттылықтағы ГРЭС-3 және Курчатов қаласында 600-700 МВт қуаттылықтағы жаңа ЖЭО құрылысы басталмақ. Бұл жобалар ескірген көмір станцияларын кезең-кезеңімен алмастыруға және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша Президент қойған мақсатқа сай келеді.

«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Түркістан облысындағы қуаты 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысы құрылысы жобасының жүзеге асырылу барысын баяндады. Бұл нысан TURAN арнайы экономикалық аймағы құрамына енеді деп күтілуде. Қондырғының толық жобалық қуатқа шығуы 2027 жылға жоспарланған.

«Самұрық-Энерго» компаниясы да энергия өндіру қуатын жаңғырту бойынша бірқатар ірі жобаларды іске асыруда. Атап айтқанда, Екібастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейту аясында қуаты 540 МВт болатын үшінші энергоблок салынуда, оның іске қосылуы 2028 жылға белгіленген. Алматыда ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3 станцияларын газға көшіру жоспарланған. Жаңғырту жұмыстары 2026 жылы аяқталған соң, олардың жиынтық қуаты 1 ГВт-тан асады. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Көкшетауда мердігер компаниялар анықталып, келісімшарт жасасу жұмыстары басталып кеткен.

«KEGOC» компаниясының басқарма төрағасы Нәбидолла Айтжанов еліміздің Батыс аймағының энергия жүйесін Біртұтас ұлттық электр жүйесіне қосу және Оңтүстік аймақтың желілік қуатын арттыру жөніндегі жұмыстар туралы баяндады. Президент тапсырмасына сәйкес бұл бағытта жалпы құны 356 млрд теңгеден асатын екі ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.

Оның бірі – ұзындығы 600 шақырымнан асатын 500 кВ «Қарабатан – Өлке» әуе желісін салу. Жоба Атырау мен Ақтөбе облыстарында электрмен қамту сапасын арттыруды, сондай-ақ батыс өңірлердегі ЖЭК нысандарын желіге қосуға жағдай жасауды көздейді. Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп, пайдалануға беру мерзімі – 2027 жылдың соңына жоспарланған.

Екінші ірі жоба – 500 кВ «Шу – Жамбыл – Шымкент» бағыты бойынша ұзындығы 475 шақырым болатын жаңа желі құрылысы. Бұл желімен бірге бірнеше қосалқы станциялар да жаңғыртылмақ. Жоба 2027 жылдың ортасында аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде, елдің оңтүстігіндегі электр жүйесінің тұрақтылығы артып, сыртқы қауіптерге төзімділігі күшейеді.

Ұлттық электр желісінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін KEGOC 2,3 трлн теңгеге 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Кеңесте инфокоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобалары да қаралды. Премьер-Министр Олжас Бектенов мұндай бастамалардың Қазақстан экономикасын цифрлық трансформациялау үдерісіндегі маңызын атап өтті.

Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 6 179 ауыл бар, олардың 42%-ы ғана жоғары жылдамдықты деректер тарату технологиясымен қамтылған. талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) арқылы ауылдарды интернетпен қамту жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін 3 781 ауылға интернет жеткізіліп, желі ұзындығы 160 мың шақырымнан асады. Қамту көрсеткіші 90%-ға жетпек.

Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық хаб ретінде дамыту үшін 2026 жылдың соңына дейін халықаралық деректер трафигіндегі ел үлесін арттыру көзделген. Осы мақсатта Транскаспий магистралі мен «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл бағытқа салынатын инвестиция көлемі – 30,7 млрд теңге.

2027 жылдың соңына дейін ұялы байланыспен қамту көрсеткіші 99%-ға жетуі тиіс. Бұл ретте 40 мың шақырым республикалық және облыстық автожолдар да қамтылмақ. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін спутниктік интернетпен тағы 328 шалғай ауыл қосылады. Қазақстан қазір OneWeb, StarLink, Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon Kuiper компанияларымен әріптестік орнатқан. Осы бағыттағы инвестиция көлемі – 38,6 млрд теңгеден асады.

Деректерді өңдеу саласында 2030 жылға дейін жалпы сыйымдылығы 20 мың IT-стойкадан асатын кемінде Tier III деңгейіндегі 10 дата-орталық салу жоспарланған.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, 2025-2030 жылдар аралығында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласына тартылатын инвестиция көлемі шамамен 1,3 трлн теңгені құрайды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу