KZ
Өскемен
-17°
туман жел 2 м/с, СБ
510.18 601.91 6.51

Елімізде газ баллондарын таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды

depositphotos.com

4.07.2025, 14:00 267 Ержан Әбіш

Қазақстанда 2025 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін тұрмыстық газ баллондарына таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Әккенженовтің бұйрығына сілтеме жасаған Altainews.kz тілшісі хабарлайды.

Бүгінде елімізде 800 мыңнан астам сұйытылған газ баллоны айналымда жүр. Энергетика және Төтенше жағдайлар министрліктерінің мәліметінше, жыл сайын жарамсыз немесе қолдану мерзімі өткен баллондарды пайдалану салдарынан 100-ден астам жарылыс оқиғасы тіркеледі.

Пилоттық жоба аясында таңбалау жүйесінің техникалық іске асырылуы сынақтан өтеді. Атап айтқанда, кодтарды жағу әдістері, оларды бизнес-процестерге біріктіру және айналым қатысушыларының жұмысына әсер ету мәселелері зерттеледі. Жоба Энергетика министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып табылатын Tañba компаниясының бірлесіп іске асыруымен жүргізіледі.

Жобаның мақсаты – газ баллондарының қозғалысын барлық кезеңде бақылауға мүмкіндік беретін есеп жүйесін енгізу, қауіпсіздікті арттыру және нарықты тәртіпке келтіру. Пилот нәтижесіне қарай баллондарға міндетті таңбалау жүйесін енгізу туралы шешім қабылданбақ.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда темекі өнімдері, аяқ киім және дәрілік заттар үшін міндетті таңбалау енгізілген. Бұған дейін мотор майлары, сыра өнімдері, зергерлік бұйымдар мен жеңіл өнеркәсіп тауарлары бойынша пилоттық жобалар іске асырылды. БАД өнімдері бойынша жоба жүргізіліп жатыр, ал тұрмыстық химия тауарларына қатысты жоба іске қосылу сатысында.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу