Аяқ киімді таңбалау мерзімі 2024 жылдың 1 маусымына дейін ұзартылды
Фото: shoes-report.com
Индустрия және құрылыс министрінің 2024 жылғы 13 ақпандағы бұйрығымен аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Zakon.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Бұйрықта былай делінген:
Аяқ киім бұйымдарын айналымға енгізу оларға сәйкестендіру құралдарын қолдану және сәйкестендіру құралдарымен аяқ киім бұйымдарының таңбалануы, олардың ҚР аумағында айналысы және айналыстан алынуы туралы ақпаратты тауарларды таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесіне беру арқылы жүзеге асырылады.
Сәйкестендіру құралдарымен таңбаланбаған аяқ киім бұйымдарының қалдықтарын айналысқа шығаруға және айналыстан алуға жол берілмейді. ҚР аумағында сатылатын аяқ киім бұйымдарының қалдықтарын таңбалау 2024 жылғы 1 маусымға дейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар 2024 жылғы 1 маусымға дейін аяқ киім бұйымдарының тұтынушылық қаптамасына немесе аяқ киім бұйымдарының тауарлық жапсырмаларына тауарларды таңбалауға, сәйкестендіру құралдарын қолдануға олар ішкі тұтыну үшін шығару немесе қайта импорттау рәсіміне орналастырылғаннан кейін рұқсат етіледі.
Түзетулер аяқ киім өнімдерінің айналымына қатысушылар толтыруы тиіс бірқатар нысандарды жаңартты.
Бұйрық 2024 жылғы 27 ақпанда күшіне енеді.
Айжанат Бақытқызы