Домбыра күні: күршімдіктер мерекені Бұқтырманың жағасында тойлады
Күмбірлі Күршім ауданында Домбыра күні мерекесі Бұқтырма өзенінің жағалауында кеңінен аталып өтті. Ұлттық мейрам аясында аудан әкімдігі жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орны — «Орақ пен балға» жағалауын абаттандыру жобасын таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Мейіржан Әлбековтің айтуынша, жағалауда толық инфрақұрылымы бар муниципалдық демалыс орны ашылмақ.
Игі бастама аясында көлік тұрағы салынып, су құбыры мен жарық желілері тартылмақ. Сондай‑ақ жағалауда домбыра пішініндегі шомылу пирсін салу жоспарланған.
Домбыра күніне арналған ән‑шашу мерекесіне жұртшылық көптеп жиналды. Шараға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай барша қазақстандықтарды құттықтап, домбыраның рухани маңызын атап өтті.
Мереке барысында мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін аудан тұрғыны Қайнолла Рамазанов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Фото: Екатерина Семина