KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
517.66 606.49 6.44

Глубокое өңірінде оң өзгерістер байқалады

8.07.2025, 14:00 174 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданы туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салада серпінді даму үстінде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Эльдар Тұмашинов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Туризм – экономиканың жаңа тірегі

Глубокое ауданының туризмге бағыт ұстауы – табиғи байлық пен инфрақұрылым мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың көрінісі. Әкімнің айтуынша, аудан облыс орталығына жақын орналасқан, бұл өз кезегінде ішкі туризмді дамытуға сеп.

– 2024 жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Дары природы» ӘКК-не Горная Ульбинка ауылындағы ат қораны абаттандыру мен жабдықтауға арналған несие бөлінді. Қазіргі таңда аталған ауылдағы «The Forest» мейрамханасы аумағында SPA-орталық, қонақ үй, бассейн, фастфуд нүктелері салынып жатыр, – деді әкім.

Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Қараев республикалық маңызы бар Өскемен – Шемонайха жолының бойындағы Предгорное ауылында жол бойы қызмет көрсету нысандарын – кафе мен техникалық қызмет көрсету орталығын салуда.

Бұдан бөлек, Быструха ауылындағы «Заречье» эко-қонақ үйінің ауқымын кеңейту жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл жобаға 1,5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.

Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп – берік негіз

Аудандағы өнеркәсіп секторының басты бағыты – кен өндіру. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінің де үлесі зор. 2025 жылдың алғашқы бес айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 7,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 112,6%-ға артқан.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде маусым айында құны 56,1 млн теңге болатын алты жоба мақұлданды. Оның ішінде 42,1 млн теңге – туризм және жол бойы сервисіне, 12 млн теңге – құс шаруашылығына, 2 млн теңге – өсімдік шаруашылығына бағытталған.

Өсім көрсеткіштері жоғары

Бес айдың ішінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 24,2 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 134,8%-ға өсті. Өнеркәсіп өнімі 67,6 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 151,5%-ға артық.

Сауда саласында да ілгерілеу бар – көтерме сауда көлемі 4,8 млрд теңгеге жетіп, жеті есеге артқан. Аудандағы орташа жалақы 380,3 мың теңгені құрап, 11,4%-ға өсті.

Инфрақұрылым мен әлеуметтік сала

2023 жылдан бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша төрт жоба іске асуда: Глубокое кентінде 10,2 км жылу желісі, Малоубинка ауылында 19,3 км су құбыры, Степное ауылында 16,9 км су жүйесі жөнделді. Бобровкадағы су жүйесі жобасы түзету сатысында (62,5 км-дің 20 км-і дайын).

Белоусовка кентінде 150 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталды. Глубокое кентінде 290 млн теңгеге қазандық жөнделіп жатыр. Сонымен қатар, 20 елді мекенде жарықтандыру жүйелері жаңартылуда (жалпы сома – 180 млн теңге).

Балалар мен жастар үшін Прогресс және Белоусовка елді мекендерінде хоккей алаңдары, үш балалар ойын алаңы және Предгорное ауылында заманауи футбол алаңы салынады.

Білім мен денсаулық саласында оң өзгерістер бар

Білім беру саласында 2025 жылдың 1 қыркүйегінде Белоусовка мен Опытное поле елді мекендерінде екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта ауданда 29 мектеп, 7 қосымша білім беру ұйымы және 10 балабақша жұмыс істейді.

2024 жылы 36,5 млн теңгеге химия, биология және STEM кабинеттері сатып алынды. Биыл да 37,4 млн теңгеге тағы үш пәндік кабинет алынады.

Денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Аудандық ауруханаға 434,6 млн теңгеге алты бірлік заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынады. Оның ішінде рентген маммографиялық кешен (108,6 млн), рентгендиагностикалық жүйе (127,9 млн), эндоскопиялық жүйе мен басқа да жабдықтар бар.

Аурухана ғимаратының сыртқы қасбетін жөндеуге 570,2 млн теңге көлемінде бюджет өтінімі берілген.

60 жылдық мерейтойға – жаңа жобалармен

2025 жылы Глубокое ауданы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осыған орай, өңірде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

– 2026 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Предгорное ауылында мәдениет үйі салынады, – деді Эльдар Тұмашинов.

Болашақта жүзеге асатын ірі өндірістік жобалар қатарында: Ертіс кенішінің екінші бөлігін игеру (Алтай ауылы, «Востокцветмет» ЖШС), «Анисимов ключ» кен орнын игеру және техногендік қалдықтарды өңдеу («East Mineral Resources» ЖШС) бар.

Тайыр Сапарғалиев

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу