ШҚО-да Марқакөлге апарар тарихи жол жөнделеді
depositphotos.com
Туризмді дамыту мақсатында облыс басшысының тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстанда тарихи маңызы бар ескі автожол қалпына келтірілмек. Жол Марқакөл көлінен Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл туралы облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, жолдың техникалық жағдайын анықтау мақсатында сала мамандары, ұлттық парк өкілдері және жобалаушылармен бірлесіп, арнайы тексеру жүргізілген.
Оның айтуынша, жолға асфальт төселмейді, алайда қауіпсіз жүріп өтуге мүмкіндік беретін жұмыстар жүргізіледі. Бұған қоса, 2024 жылдың көктемінде сел салдарынан бұзылған көпірді қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Жобаның сметалық құжаттамасы дайын. Жол жөндеу жұмыстарына шамамен 537 миллион теңге қажет. Қазіргі уақытта бұл қаржы облыс әкімдігінен сұралып отыр, қаржыландыру мақұлданған жағдайда мердігер компания бірден іске кіріспек.
Нұрбек Тұраровтың айтуынша, бұл жол – маусымдық сұранысқа ие туристік бағыт. Бұған дейін ол тек арнайы жол талғамайтын көліктермен ғана қолжетімді болған. Ал енді жобаның мақсаты – қарапайым тұрғындардың да табиғат аясында демалуына қолайлы жағдай жасау.