Жолдарда салмақтық бақылаудың автоматты жүйесі орнатылмақ – ШҚО
Фото: inbusiness.kz
Биыл ШҚО-да орташа жөндеумен 600 шақырым жолдың қамтылатынын бұдан бұрын да жазған болатынбыз.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша, бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 200 шақырымға артық, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2023 жылы облыстық және аудандық маңызы бар 392 шақырым жол, сондай-ақ, елді мекендердің көшелері 20,4 миллиард теңгеге орташа жөндеумен қамтылған екен. Ал биыл дәл осындай жұмыстармен 600-ден астам шақырым жол мен елді мекендердің көшелері қамтылып, осы мақсатқа 28,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл 600 шақырым жолдың 375 шақырымы орташа жөндеу көретін болады. Оның 222 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болса, 153 шақырымы - қалалық және аудандық маңыздағы жолдар.
Сол сияқты, қалалар мен өзге де елді мекендер көше жолдарының 108 шақырымы қалпына келтірілмек. 88 шақырым жол «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделсе, 29 шақырым аудан-қала әкімдіктерінің бюджетінен бөлінген қаражат есебінен қалпына келтірілетін болады.
Биыл облыс орталығында бірқатар ауқымды жоба аясында жүргізіле бастаған жұмыстар жалғасын табады. Атап айтсақ, қаладағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің, сонымен қатар Пермитин мен Славский көшелерінің қиылысындағы көлік айрықтарының құрылысы жалғасады. Бұған қоса, Базовая және Жібек жолы көшелерін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға тиіс.
Қазіргі уақытта жолдарды жөндеу бойынша техникалық құжаттаманы әзірлеумен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама шеңберінде конкурстық рәсімдер де басталды. Осылайша, қар еріп, жолдар құрғағаннан кейін жөндеу жұмыстарын орындауға кірісетін мердігер ұйымдар анықталды.
Белгілі болғандай, қазір бейінді басқармада жол төсемін мүмкіндігінше ұзақ сақтау мақсатында облыстық маңызы бар жолдарда салмақтық бақылаудың автоматты жүйелерін орнату мәселесі пысықталуда екен. Мамандардың айтуынша, бұл жол төсемінің мерзімінен бұрын бұзылуына әкелетін шамадан тыс жүктемесіз жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардағы ауыр жүк көлігінің қозғалысын реттеуге көмектеседі.