KZ
Өскемен
-7°
снег жел 2 м/с, ОБ
509.84 595.75 6.47

Шешектегі демалыс аймағының құрылысы тамызда аяқталады - Өскемен

10.07.2025, 11:00 295 Ержан Әбіш

Өскемен қаласында Самар тас жолының бойында орналасқан Шешек асуында жаңа демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа рекреациялық кешен қала тұрғындары үшін жайлы серуен аймағына айналып қана қоймай, туристер үшін де тартымды нысан болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл жоба туралы биылғы сәуір айында өткен брифингте Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов мәлімдеген болатын.

– Шешекте ешқандай абаттандыру жоқ, бірақ адамдар көп жүреді. Ескі асфальт жолмен серуендейді. Сол себепті бұл аумақты қала тұрғындары үшін ыңғайлы ету жөнінде шешім қабылдадық, – деген еді қала әкімі.

Сол уақыттан бастап асуда құрылыс жұмыстары басталған.

Қазір аталған демалыс орнының құрылысы аяқталу сатысында тұр. Қала әкімінің орынбасары Абзал Маулетхановтың айтуынша, аумақта автотұрақтар, мангал алаңдары мен жаяу жүргіншілер жолы салынған. Сонымен қатар, екі күрке мен 40 дана қоқыс жәшігі бар орындықтар орнатылған. Қазір воркаут аймағы мен қарау алаңын салу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған қоса, бір модульді дәретхана (септик дайын), екі ағаштан жасалған бір орынды әжетхана, балалар алаңы және қоқыс контейнерлері орнатылады.

– Жұмыстарды осы айдың соңына дейін немесе тамыздың бірінші жартысында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді әкім орынбасары.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Шешек – қаладан тыс жердегі ең танымал демалыс орындарының бірі.

– Мұнда тек өскемендіктер ғана емес, жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары да жиі келеді. Табиғи аймақты баршаға қолжетімді, ыңғайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістікке айналдыру аса маңызды. Мұндай жобалар қаланың имиджін көтереді, – деді облыс басшысы.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу