KZ
Өскемен
+20°
гроза жел 3 м/с, ОШ
511.92 588.91 6.44

Шешек асуында салынып жатқан жаңа демалыс орны қала күніне дейін ашылмақ - Өскемен (видео)

7.06.2025, 14:00 502 Айна Ескенқызы

Өскеменге қарасты Шешек асуында салынып жатқан жаңа демалыс аймағы қала тұрғындары үшін ғана емес, өңірдің туристік тартымдылығы үшін де маңызды орынға айналмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 50 пайызы орындалған. Жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер ұйым биыл шілде-тамыз айларында барлық жұмыстарды аяқтап, нысанды Өскемен күніне дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов шаһардағы құрылыс нысандарының жұмыс қарқынын бағамдау барысында осы аумаққа да барып қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңа кешеннің ерекшелігі – қаланың үстінен панорамалық көрініс ашылатын биік нүктеде орналастырылуы. Шешек – өскемендіктер үшін жыл он екі ай серуендейтін табиғи мекен. Енді бұл аймақ ресми демалыс орны ретінде жаңа сипат алмақ. Жобада отбасылық және жеке демалысқа арналған барлық жағдай қарастырылған.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов серуен аймағында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын басты назарға алып, мұндай жобалардың тұрғындарға жайлылық сыйлап қана қоймай, қаланың жалпы келбетіне, туризм әлеуетіне серпін беретінін атап өтті.

– Шешек – қала сыртындағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Бұл – өскемендіктер ғана емес, ауыл-аймақтан келетін азаматтар жиі аялдайтын жер. Енді осы табиғат аясын қолжетімді, ыңғайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістікке айналдыру аса маңызды. Қазір жүргізіліп жатқан жұмыс – соның айқын көрінісі, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Серуен аймағында 35 көлікке арналған екі тұрақ, балалардың ойын және спорт алаңдары, мангал қоятын аймақтар, жеке беседкалар, бақылау алаңы және «Шешек» атауын бейнелейтін шағын сәулеттік мүсін орнатылады. Жол бойына орнатылатын 40 жиынтықтың әрқайсында қоқыс жәшігі қарастырылған. Қос бірдей қоғамдық дәретхана қойылады.

Аймақ қала тұрғындары үшін тек жаяу серуендеуге емес, велосипедпен жүруге де ыңғайлы болады деп күтілуде. Осы мақсатта жол бөлу жүйесі қарастырылып жатыр – бір жолағы велосипедке, екіншісі жаяу жүргіншіге арналмақ. Бұл – табиғатпен үндес кеңістікті қауіпсіз әрі белсенді демалыс аймағына айналдыруға жасалған нақты қадам.

Облыс әкімі бақылау алаңын жарықтандыруға қатысты шешімді техникалық сараптамадан соң бірақ қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар, ол қалаға кіреберісте орналасқан «Өскемен» жазуын жарықтандыруды да тапсырды.

Қала әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, тұрғындардың бұл жерге қызығушылығы ерекше. Жазда бұлақ суын іздеп, қыста сырғанақ тебуге келетін халық үшін бұған дейін арнайы жағдай жасалмаған еді. Енді бұл олқылықтың орны толып, бұрын қараусыз жатқан аумақ жаңа демалыс форматына көшпек.

– Аталған серуен аймағы түнде де қолжетімді болуы тиіс. Сол үшін электр қуаты мен жарықтандыру жүйесін Самсоновка немесе Жаңаауыл жақтан тарту жолын қарастырып жатырмыз, – деді қала әкімі.

Ал құрылыс барысына жауаптылар нысандағы жұмыстарды тамыздың соңына дейін тәмамдаймыз деп отыр.

– Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Шілде мен тамыз айларында бұл нысанды толық аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыстардың шамамен 50 пайызы орындалды. Ешқандай кедергі жоқ, құрылыс материалдары жеткілікті, қаражат мәселесі де шешілген. Сондықтан, бұйырса, қала күніне дейін нысанды пайдалануға береміз деп отырмыз, – деді құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания – "DAN-INVEST" ЖШС-нің учаске басшысы Ерлан Әубәкіров.

Бұл абаттандыру жобасы қаланың сырт келбетін жақсартып қана қоймай, туристік қызығушылық нүктесіне айналуға әлеуеті бар. Табиғаты көркем, ауа райы таза бұл аумақ енді заманауи демалысқа лайық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл қалың бұқара үшін демалыс орны әрі қаланың имидждік аймағы болмақ.

Алмат Ақышов Шешек серуен аймағын абаттандыру жұмыстарын жоспарлы мерзімінен мүмкіндігінше ертерек аяқтап, халық игілігіне беретіндерін жеткізді. Себебі бұл демалыс орны әсіресе жаз мезгілінде тұрғындар үшін аса қажет.

Фото: Махаббат Ахметжанова


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу