«Үздік педагог» атағының иегері 3,9 миллион теңге алады
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Елімізде педагогтерді қолдау және олардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында дәстүрлі республикалық «Үздік педагог» байқауы басталды. Жеңімпазға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік марапат – 3,9 миллион теңге беріледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, қатысушыларды бағалаудың негізгі критерийлері – педагогтің білім беру саласына қосқан үлесі, жұмыс тиімділігі және кәсіби шеберлік деңгейі.
Байқауға барлық білім беру ұйымдарының мұғалімдері – мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
-
аудандық және қалалық кезең – 8–25 шілде аралығы;
-
облыстық кезең – 28 шілде – 15 тамыз;
-
республикалық кезең – 18 тамыз – 18 қыркүйек.
Алғашқы екі кезеңнің нәтижесі бойынша ең жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық кезеңге өтеді.
Қатысу үшін өтінім беру, тіркеу және құжат тапсыру uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде бұл мәртебелі атақ 700-ден астам мұғалімге берілген. Байқауға кемінде бес жыл еңбек өтілі бар мұғалімдер қатыса алады.