KZ
Өскемен
-1°
снег жел 5 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Нұрымбет Сақтағанов: «Біз тұрақты дамуға, технологиялық жаңғыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық береміз»

9.07.2025, 22:40 4 035 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстанда халықаралық дипломаттардың қатысуымен форум өтті. Сегіз елдің өкілдеріне инвестициялық жобалар топтамасы таныстырылып, аймақтың экономикалық ашықтығы мен халықаралық әріптестікке бағытталғаны көрсетілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскеменде Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар, бизнес өкілдері, басқару органдары мен кәсіпкерлікті қолдау институттары қатысқан аймақтың инвестициялық әлеуетіне арналған форум өтті.

Форумға Оңтүстік Корея, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Швеция, Қытай, Бельгия және Қырғызстаннан келген делегациялар қатысты. Бұл шараның халықаралық деңгейін айғақтайды.

Жиынға сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ШҚО филиалы мен облыстық басқарма өкілдері қатысты.

Форум барысында шетелдік меймандарға Шығыс Қазақстанның экономикалық дамуының динамикасы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы мүмкіндіктер мен нақты инвестициялық жобалар таныстырылды.

– Достас елдердің дипломатиялық корпусының өкілдерін қабылдау – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл сапар өзара тиімді әріптестікті нығайту мен халықаралық экономикалық байланыстарды дамытудың айқын дәлелі. Шығыс Қазақстан облысы – қуатты өнеркәсіптік, ғылыми және табиғи әлеуетке ие серпінді дамып келе жатқан аймақ. Біз тұрақты даму, технологиялық жаңғырту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жұмыс істейміз, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі атап өткендей, Шығыс Қазақстан табиғи ресурстарға бай өлке. Мұнда еліміздің су энергетикасы мен түсті металлургиясының қомақты бөлігі шоғырланған. ШҚО – қорғасын, мырыш, алтын, күміс өндіруде көшбасшы, әлемдік титан өндірісінің 16%-ын шығарады, тантал өнімдері мен атом энергетикасына арналған уран отынын өндіреді. Сондай-ақ облыс бериллий өндіруде әлемдегі алғашқы үштікке кіреді.

– Бүгінде біздің ынтымақтастығымыз жоғары қосылған құны бар жоғары технологиялық салаларды дамытуға бағытталып отыр. Біз инвесторларға қолдау көрсетуге баса мән береміз: қолайлы және болжамды іскерлік орта қалыптастырып, қажетті инфрақұрылым ұсынып, әрбір жобаға жеке көзқарас танытамыз, – деп толықтырды аймақ басшысы.

Пленарлық отырыс ашық диалог жүргізіп, басым бағыттарды анықтауға және жаңа өсім нүктелерін табуға арналған маңызды алаң болды. Форум мемлекеттік құрылымдар, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдерін біріктіріп, инвестициялық бастамалар мен келешегі зор жобаларды талқылауға, серіктестік орнатуға мүмкіндік берді. Шетелдік дипломаттардың қатысуы өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.

Форумда туристік-сауықтыру кешендері жобаларына да ерекше көңіл бөлінді. Аймақта жыл бойы демалуға қолайлы табиғи аймақтар мен бірегей локациялар таныстырылды.

Қатысушылар аграрлық саладағы ықтимал әріптестік нұсқаларына қызығушылық танытты. Атап айтқанда, цифрландыру, суару жүйелерін жаңғырту, дәл егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу секілді бағыттар қарастырылды. Шетелдік серіктестерге жылыжай кешендері, жаңа форматтағы сүт фермалары мен өңдеу кәсіпорындары сияқты жобалар ұсынылды.

Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласындағы жобалар да талқыланды. ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жұмыс істеп тұрған және болашағы зор жобаларды, индустриялық аймақтарды, ШОБ-ты қолдау бағдарламаларын таныстырды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы энергетика, құрылыс және коммуналдық инфрақұрылым салаларындағы МЖӘ жобаларының іске асу тәртібі туралы ақпарат берді. Соның бірі – құрылыс материалдарын өндіретін әк зауыты жобасы, ол импортқа тәуелділікті азайтып, өндірісті жергілікті деңгейде жолға қоюға мүмкіндік береді.

Шетелдік меймандарға агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, туризм, ағаш өңдеу мен құрылыс, химия және мұнай химиясы, экология мен қалдықтарды басқару, энергетика, көлік және логистика салаларындағы жобалар ұсынылған инвестициялық портфель таныстырылды.

Басқарма өкілдері облыс тарапынан инвесторларға жер телімдері мен инфрақұрылымнан бастап, салықтық жеңілдіктер, субсидиялар, даму қорларының қолдауы сынды түрлі преференциялар қарастырыла алатынын атап өтті.

– Құрметті қатысушылар! Осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздерді және елдеріңіздегі іскерлік топтардың өкілдерін 2025 жылдың қыркүйек айының үшінші онкүндігінде Өскемен қаласында өтетін халықаралық «Altai Invest – 2025» инвестициялық форумына ресми түрде шақырамын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Шығыс Қазақстан инвестиция тартуда жүйелі тәсіл қалыптастырып келеді – бұл жерде жай ғана жобалар ұсынылып қоймай, нақты құқықтық және ұйымдастырушылық негізі бар жол карталары жасалады.

Аймақтың инвестициялық әлеуетіне арналған халықаралық форум өткізу ШҚО-ның халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастықты сөз жүзінде емес, нақты іс арқылы нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.

Дамир Омаров

Фото: Екатерина Семина
Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу