KZ
Өскемен
-3°
переменная облачность жел 3 м/с, З
502.57 591.68 6.42

Жыл басынан бері 2 мыңнан астам қазақстандық ерікті қоныс аудару бағдарламасын пайдаланды

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

12.07.2025, 10:00 250 Ержан Әбіш

2025 жылғы 1 шілдедегі мәліметке сәйкес, еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші жетіспейтін өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару аясында 2 202 адам көшіп барған. Олардың қатарында 1 091 қандас және 1 111 қоныс аударушы бар. Барлығына мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Жыл соңына дейін тағы 9 653 адамды көшіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Қоныс аударушылардың орналасу өңірлері бойынша:

  • Павлодар облысына – 672 адам,

  • Солтүстік Қазақстан облысына – 532 адам,

  • Қостанай облысына – 330 адам,

  • Ақмола облысына – 215 адам,

  • Шығыс Қазақстан облысына – 214 адам,

  • Абай облысына – 145 адам,

  • Атырау облысына – 90 адам,

  • Ұлытау облысына – 4 адам көшірілген.

Қандастар негізінен келесі елдерден қоныс аударған:

  • Өзбекстан – 396 адам,

  • Моңғолия – 310 адам,

  • Қытай – 286 адам,

  • Ресей – 52 адам,

  • өзге елдер – 47 адам.

Келгендердің 790-ы еңбекке қабілетті жаста болса, соның ішінде 374 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, 10 адам кәсіпкерлікпен айналысып жатыр. Қоныс аударушылар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және өзге де салаларға жұмысқа орналасқан.

– Мен Жамбыл облысынан Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Келлеровка ауылына 2022 жылы қоныс аудардым. Аймақтық квотаға енген соң мемлекеттен көшуге арналған бірреттік көмек пен жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық шығындарды өтеуге субсидия алдым, – дейді Тамара Айнаддинова.

Ол М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды химия пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Келген соң Келлеровка орта мектебіне мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста.

– Қоныс аударуға шешім қабылдағанымызға қуаныштымын. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында жұмыс таптық, алғашқы қаржылай көмек алдық. Мұнда келіп, отбасын құрдым, – дейді ол.

Мемлекеттік қолдау шаралары:

  • Көшуге арналған субсидия: отбасы мүшесінің әрқайсысына 70 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем;

  • 12 ай бойы жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық төлемдерге ай сайынғы субсидия: отбасы құрамына және елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейін;

  • Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдау;

  • Жұмыспен қамтуға немесе кәсіпкерлікті дамытуға қолдау;

  • Экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

Сонымен қатар қоныс аударуға қолдау көрсеткен жұмыс берушілерге де ынталандыру ретінде қызметкерді тұрғын үймен қамтамасыз етіп, кемінде 2 жылға тұрақты жұмысқа алған жағдайда 400 АЕК көлемінде бір реттік субсидия қарастырылған.

Дмитрий Чжан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу