KZ
Өскемен
-15°
туман жел 1 м/с, СБ
521.6 534.27 5.25

Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру бағдарламасы: ШҚО-ға 3292 адам көшіп келді

Бүгін, 13:00 48 Төлеуғазы Жансая

Еңбек күші артық өңірлерден адамдарды ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысына 3292 адам көшіп келді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек күші артық өңірлерден адамдарды ерікті түрде көшіру туралы тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ҚР еңбек күші артық өңірлерінен адамдарды ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы 2011 жылғы 18 шілдедегі Үкімет №817 қаулысымен бекітілген. Бұл бағдарлама 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында бастау алып, 2023 жылы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасына жалғасты.

Бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысына 3292 адам көшіп келді.

2024 жылы 512 адам (164 отбасы) қоныс аударды, оның ішінде шекара маңындағы аудандарға 229 адам қоныстанды. Қоныс аударушылардың келуі өңірлер бойынша былай бөлінді:

- Өскемен қ. – 83 адам (29 отбасы);

- Риддер қ. – 58 адам (24 отбасы);

- Глубокое – 8 адам (2 отбасы);

- Алтай – 22 адам (9 отбасы);

- Зайсан – 46 адам (14 отбасы);

- Катонқарағай – 22 адам (10 отбасы);

- Үлкен Нарын – 17 адам (5 отбасы);

- Самар – 16 адам (6 отбасы);

- Күршім – 35 адам (7 отбасы);

- Марқакөл – 44 адам (7 отбасы);

- Тарбағатай – 117 адам (34 отбасы);

- Ұлан – 12 адам (4 отбасы);

- Шемонаиха – 32 адам (13 отбасы).

Қоныс аударушылар негізінен Алматы (150 адам), Жетісу (46 адам), Жамбыл (38 адам), Қызылорда (14 адам), Түркістан (97 адам), Маңғыстау (2 адам), Шымкент (37 адам), Алматы (86 адам) және Астана (42 адам) қалаларынан көшіп келген, – деді Шығыс Қазақстан облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқарма басшысының орынбасары Динара Қожанова.

Бағдарлама аясында 825 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 438 адамға (142 отбасы) көшуге субсидия – 113 млн теңге, 67 отбасыға (198 адам) тұрғын үйді жалға алу өтемақысы – 24 млн теңге, 86 отбасыға (267 адам) тұрғын үй сатып алуға сертификат – 326 млн теңге.

250 еңбекке қабілетті адамның 135-і тұрақты жұмысқа орналасты, 25-і жеке кәсіпкерлікпен айналысады, 4-і грант алды, 2-і қысқа мерзімді оқытуға жіберілді.

Осы жылы облысқа 641 адамға квота бекітілді. Оның ішінде 372 қоныс аударушы және 269 қандас азамат бар.

Жұмыс іздеушілер, жұмыссыздар және қандастар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына немесе "Migration.enbek.kz" порталы арқылы өтініш бере алады.

Қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көшуге субсидия – 70 АЕК (275 240 теңге), тұрғын үйді жалға алу өтемақысы – 20 АЕК (78 640 теңге) қалалар үшін, экономикалық мобильділік сертификаты арқылы баспана сатып алу мүмкіндігі.

Жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуды ынталандыруға бағытталған бұл бағдарлама азаматтардың жаңа өмір бастауына мүмкіндік беруде. Бағдарлама туралы толық ақпарат алу үшін жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.

Ержан Әбіш

Фото: Аяужан Утеулинова

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу