KZ
Өскемен
-30°
туман жел 1 м/с, СБ
510.95 594.49 6.5

Өскеменде жөндеуді қажет ететін демалыс орындарының тізімі жасалды

10.07.2025, 16:00 264 Ержан Әбіш

Өскемен қаласында соңғы жылдары абаттандырылған қоғамдық кеңістіктердің бірқатары қазір жөндеуді қажет етеді. Қалалық әкімдік бұл орындардың барлығы бақылауда екенін айтып, бюджеттен қаражат бөлінуіне қарай қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мәселен, Назарбаев даңғылы, 77 мекенжайындағы бұрын бос жатқан аумақта салынған сквер кезінде балалар мен ересектерге арналған демалыс аймағына, спорттық алаң мен «Шаңырақ» атты сәулеттік нысанға айналған болатын. 2020 жылы бұл орын қала тұрғындарына ресми түрде таныстырылған еді.

Алайда бірнеше жыл белсенді пайдаланылған соң мұндағы шағын сәулеттік формалар мен жабдықтардың көркі қашып, кейбір бөліктері істен шыққан. Қоршаулар қисайып, ал «Шаңырақ» мүсіні тот басқан. Жаңа орын қазір бейберекет қолдану мен уақыттың әсерінен тозған, көңіл қынжылтарлық көрініске айналды.

Қалалық әкімдіктің мәлімдеуінше, бұл жағдай назардан тыс қалмаған. Қала әкімінің орынбасары Абзал Маулетхановтың айтуынша, аталған скверді жөндеуге қажетті сметалық құжаттама дайын. Былтыр мұнда жарықтандыру жүйесі жаңартылған, ал биыл абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

– Соңғы жылдары қаламызда салынған көптеген қоғамдық кеңістіктер ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Бірақ бюджет шектеулі болғандықтан, біз арнайы тізім жасап, қандай нысанды бірінші кезекте жөндеу қажет екенін жоспарлап отырмыз, – деді Абзал Маулетханов.

Оның айтуынша, жаңадан салынған скверлер мен алаңдарды кепілдік мерзімі аясында құрылыс мердігерлері өз есебінен қалпына келтіріп отырады. Мысалы, Шәкәрім даңғылы, 183 үй маңындағы скверде орнатылған әткеншектер жоғалып кеткен.

– Өкінішке қарай, жаңа ойын алаңдарын орнатқаннан кейін бір жылдың ішінде кейбір элементтер жарамсыз болып қалады. Бұл тұрғындардың салақ қарауының салдары. Сол әткеншектер де солай жоғалды. Қазір олар алынып, орнына берік шынжырлармен жабдықталған әткеншектер  орнатылады, – деді қала әкімінің орынбасары.

Өскемендегі демалыс орындары - тек сән-салтанат емес, қала мәдениетінің айнасы. Қоғамдық кеңістіктердің тозуы тек уақыттың емес, тұрғындардың жауапсыздығының да салдары екенін ұмытпаған жөн. Әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруға ниетті, ал тұрғындардан тек ұқыпты қатынас талап етіледі. Себебі ортақ игілік ортақ жауапкершіліктен басталады.

Фото: Елизавета Седых

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу