ШҚО-да 12 мыңнан астам көлік иесі салық төлемеген
depositphotos.com
Шығыс Қазақстанда көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтардың саны 12 мыңнан асты. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы 30 маусымға дейін өңірде көлік салығы бойынша 12 494 жеке тұлғаның жалпы қарызы 498,9 миллион теңгені құраған. Бұл – жергілікті салықтар бойынша жиналған жалпы берешектің 97 пайызы, деп хабарлайды Altainews.kz.
Еске салайық, Салық кодексіне сәйкес көлік салығын әр азамат өзі есептеп, келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуге міндетті. Дегенмен, жыл сайын ақпан-наурыз айларында салық органдары 2024 жыл үшін салықты автоматты түрде есептеп, мәліметті eGov порталы, Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты мен Kaspi және Халық банкі қосымшалары арқылы жолдайды.
Қарызды өз еркімен төлемеген жағдайда не болады?
Салық органдары алдымен ескерту жібереді. Егер ол нәтиже бермесе, қатаң шаралар қолданылып, іс жеке сот орындаушыларына жолданады. Олар банк карталарын бұғаттау, елден шығуға тыйым салу, мүлікке тыйым салу және көлік жүргізу құқығын шектеу секілді әрекеттерді заң аясында іске асыра алады. Сонымен қатар, әр күн үшін өсімпұл да есептеледі.
2025 жылдың басынан бері облыста 447 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 582 азамат 10,9 млн теңге көлеміндегі қарызын өз еркімен өтеген. Ал жеке сот орындаушыларға 311,1 млн теңгеге қатысты 9 865 бұйрық жолданса, оның 7 691-і бойынша берешек толық қайтарылған.
Мемлекеттік кірістер басқармалары борышкерлермен жұмыс жүргізуді күшейту үшін облыс әкімдігіне арнайы хат жолдаған. Онда аудан және қала әкімдерінен салық төлеушілерге хабарламаларды жеткізуге көмектесу және қосымша шаралар қабылдау сұралған.