Экологиядан экономикаға дейін: ШҚО қоғамдық кеңесінің мүшелері облыс әкімімен кездесті
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен ашық кездесуі өтті. Жиында аймақ дамуының маңызды мәселелері мен болашағы сөз болды – экономиканы әртараптандыру мен моноқалаларды дамыту, мүгедектігі бар адамдарға арналған қолжетімді орта қалыптастыру, сондай-ақ киберспортты дамыту жөніндегі ұсыныстар талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, облыста экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл сайын кемінде 106% тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін өңірлік жобалық офис құрылып, барлық аудан мен қалаларда бес жылдық даму жоспарлары бекітілді. Сонымен қатар аудан және қала әкімдерімен KPI және нақты жобалар көрсетілген меморандумдарға қол қойылған. ШҚО-ға инвестиция тартуға – өндірістік қана емес, әлеуметтік маңызы бар жобаларға да ерекше назар аударылып отыр.
Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Аяужан Әшімова азаматтық бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, кеңестің тәжірибесін аудан-қалаларға да үлгі етуге болады. Сондай-ақ ол кеңес мүшелерінің елді мекендер мен кәсіпорындарға барып, тұрғындармен жүздесуін жиі ұйымдастыруды ұсынды.
Мүгедектер құқығы жөніндегі комитет жетекшісі Ольга Кузовлева колледждердің мүгедектігі бар жастарға қолжетімділігі мәселесін көтерді. Осы ретте облыс әкімі бірден тиісті басқармаларға тапсырма берді.
Өскемен қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Асқар Нұрғазиев экология мәселесін көтерді. Ол қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу қажеттігін және қоқыс шығару жүйесін жетілдіруді ұсынды. Мәселен, қоқыс жәшіктерінің маңында қай компания қызмет көрсететіні және қашан келетіндігі туралы ақпарат жоқ. Оның айтуынша, қоғамдық кеңестер мен әкімдік арасындағы кері байланысты нығайтатын тұрақты тетіктер қажет.
Риддер қаласынан келген кеңес мүшесі Елена Агешкина тұрғындардан келіп түсетін шағымдарды жүйелі түрде қарау және халықпен тығыз жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ кездесу барысында өндірістік және аграрлық әлеуеті зор Алтай ауданын дамыту мәселесі қаралды. Шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық бағдарламаларды кеңейту, жергілікті өнімді көбейту, моноқалаларды орнықты дамыту ұсыныстары айтылды.
Экологиялық комитет жетекшісі Геннадий Корешков экологияны жақсарту үшін барлық тараптың күшін біріктіру қажеттігін айтты. Ол қалдықтарды шығаратын кәсіпорындарға бақылауды күшейту ұсынысын қолдап, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруды ұсынды.
Кездесудің маңызды бөліктерінің бірі отбасы және гендерлік саясатқа арналды. Облыстық кеңес мүшесі Зарина Камасова жастар арасында алдын алу жұмыстарын күшейту, отбасылық институтты сақтау, ажырасу мен түсік санын азайту қажеттігін алға тартты.
Күтпеген жерден киберспорт мәселесі де кеңінен талқыланды. Ауылдық жерлерде интернет сапасы төмен екені айтылып, танымал онлайн ойындарға арналған серверлерді орнату ұсынылды. Бұл бастама жастардың қызығушылығын тудырды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов кездесуде айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын айтты.
Кездесуде әкім әрбір ұсынысты мұқият тыңдап, кейбір сұрақтарға сол жерде нақты жауап берді, ал күрделі мәселелер тиісті басқарма басшылары мен әкімдік өкілдеріне тапсырылып, жедел шешім қабылданатын болды. Бірқатар тақырыптар бойынша қоғамдық кеңес өкілдерінің қатысуымен жеке жұмыс кездесулері ұйымдастырылатыны айтылды.
Дамир Омаров
Фото: Екатерина Сёмина
Видео: Евгений Щетников















