Алтай ауданы: спорт кешенін салу, көшелерді абаттандыру мәселелері көтерілді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданына жұмыс сапары аясында тұрғындарды жеке қабылдап, халықты толғандырған бірқатар мәселелерді тыңдады. Жергілікті тұрғындар қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен көшелерді абаттандыру жайында ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қабылдаубарысында тұрғындар елді мекеннің келбетін жақсартуға және заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталған жобаларын ұсынды. Қоғамдық кеңес мүшесі Надежда Акулова Алтай қаласының орталық алаңын абаттандыру мәселесін көтерді. Жобалық ұсыныс бойынша Тәуелсіздік және Астана көшелерінің қиылысында субұрқақ, сәндік жарықтар және шағын сәулет нысандары орнатылады. Бұл жоба өткен жылдың жазында сараптамадан оң қорытынды алған. Тұрғындардың пікірінше, жобаның жүзеге асуы алаңның көркін жаңғыртып қана қоймай, мәдени және қоғамдық іс-шаралар өтетін маңызды алаңға айналмақ. Сонымен қатар қалалық ортаны дамыту мен инфрақұрылымды жақсартуға оң әсер етеді.
Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Саян Талғатұлы Алтай қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынуын қолдайтынын жеткізді. Қазіргі таңда бұл жоба әзірлену үстінде, ал мемлекеттік сараптама қорытындысы биылғы жазда дайын болады деп күтілуде.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындармен өзара байланыс пен ашық диалогтың маңызын атап өтті.
Фото: Махаббат Ахметжанова