Тарбағатай ауданы дамудың жаңа кезеңіне қадам басады – ШҚО
Тарбағатай ауданына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жергілікті халықпен кездесті. Аймақ басшысы кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы мәселелеріне кеңінен тоқталып, нақты жобалар мен алдағы міндеттерді жария етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімінің айтуынша, Тарбағатай ауданында агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіп салаларын дамыту әлеуеті жоғары. Сонымен қатар ауданның экономикалық және адами капиталы жеткілікті. Тарбағатай ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес 20,3 млрд теңге бюджет қаражаты және 231,2 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.
Биыл Ақжар ауылында темірбетон бұйымдарын шығаратын жаңа цех («ИВЕГА»ЖШС), Тұғыл ауылында балық ыстайтын цех (ӨК «Зайсан балықшылары»), Тәуке ауылында асфальт-бетон зауыты («ИВЕГА»ЖСШ), Байтоғас ауылында балық өңдеу цехы ашылады. Зайсан көлі жағалауында туристік-рекреациялық аймақ дамытылады. Жетіарал ауылында мал азығы мен көкөніс дақылдарын өсіру жобасын жүзеге асыру үшін жаңбырлатып суару жүйесі орнатылады («Қызылбұлақ» ӨК).
Облыс әкімі ауданның даму жоспарына енгізілген іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын, табысты арттыру көздерін іздестіру және салық базасын кеңейту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Тарбағатай ауданының әкімдігіне Қандысу су қоймасына қарасты 20 ішкі шаруашылық арнасына жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырды. Бұл шаралар жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған.
Облыс басшысы ауданға қажетті медициналық кадрларды тарту жұмыстарын күшейтуді, жыл соңына дейін аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің және Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуін аяқтауды, сондай-ақ экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, Ақжар ауылындағы емхананы күрделі жөндеуге арналған шығындарды 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасына енгізуді тапсырды.
Бұған қоса, биыл Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын және стадионды жаңғырту жұмыстарын, сондай-ақ Жанатілеу ауылындағы клубтың күрделі жөндеуін аяқтау қажет.
Кездесу соңында облыс әкімі аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Фото: Махаббат Ахметжанова






