KZ
Өскемен
-23°
плотный туман жел 1 м/с, С
509.94 593.88 6.43

Еліміз техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін интернационалдандыруды күшейтуде

depositphotos.com

16.07.2025, 17:00 291 Ержан Әбіш

Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесін халықаралық стандарттарға сай дамыту бағытында кешенді шаралар қолға алынуда. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған Altainews.kz тілшісі хабарлайды.

Атап айтқанда, интернационалдандыру стратегиясы аясында кадр даярлау сапасын арттыруға және отандық колледждердің жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасуына бағытталған 10 маңызды халықаралық бастама жүзеге асырылып жатыр.

Білім беру саласындағы интернационалдандыру – бұл оқу бағдарламаларына халықаралық компоненттерді енгізу, басқа елдердің үздік тәжірибесін пайдалану арқылы студенттердің сапалы білімге қол жеткізуіне жол ашатын үдеріс. Бұл Қазақстан колледждерінің шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінде Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және Ресей елдеріндегі әріптестермен 50-ден астам меморандум мен келісім жасалған. Бұл бастамаларға Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы және Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстарындағы 20-дан астам колледж қатысуда.

Халықаралық әріптестіктердің ішінде Қытаймен байланыс ерекше орын алуда. Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіптік колледжін құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ балалар мен жастарға арналған заманауи білім беру шешімдерін әзірлеумен айналысатын KidsGo Technology Ltd компаниясымен ынтымақтастық басталды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетовтің айтуынша, бұл бастамалар Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асып отырған жүйелі реформалардың бір бөлігі. Олар халықаралық серіктестікті нығайтуға, озық технологияларды енгізуге және Қазақстан түлектерінің жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді.

Интернационалдандыру – білім сапасын көтеріп қана қоймай, Қазақстанның кәсіптік білім беру жүйесін жаңа деңгейге шығарудың тиімді жолы болып отыр.

Дмитрий Чжан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу