Биылдан бастап колледждерді қаржыландыру екі есеге артады
![](/kz/uploads/posts/2025-02/classroom-4919801_640.webp)
pixabay.com
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздегі колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Бұл білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сапалы кадрлар даярлауға және оқу бағдарламаларын жетілдіруге мүмкіндік береді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта еліміздегі 518 кәсіпорын колледждерге шефтік қамқорлық көрсетуде. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 4 мыңға дейін артпақ. Мұндай қадам техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеуіне, студенттердің тәжірибеден өтуіне және білікті мамандар даярлауына септігін тигізеді.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қолға алынатын маңызды шаралардың бірі – еліміздегі 10 колледжді интернационалдандыру. Бұл бастаманың басты мақсаты – аталған оқу орындарының жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттырып, білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру.
Осыған байланысты шетелдік тәжірибелерді енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда:
- Атом энергетикасы саласы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін пайдалану;
- Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы озық технологияларын қолдану.
Бұл жаңашылдықтар Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім берудің сапасын арттыруға, түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуына және еліміздің өндірістік әлеуетін дамытуға ықпал етпек.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігі