KZ
Өскемен
-7°
небольшой снег жел 4 м/с, СБ
509.84 595.75 6.47

ШҚО-да жыл басынан бері 14 орман өрті тіркелді

depositphotos.com

19.07.2025, 16:00 256 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстанда биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 14 орман өрті болған. Жалпы ауданы 183 гектарды құраған өрттерден келген шығын 1 миллион 339 мың теңгеден асты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл туралы ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, орман өрттерінің негізгі себептері — найзағай. Сонымен қатар адам факторынан туындаған өрт жағдайлары да тіркелген.

– Алдағы күндері облыс аумағында аптап ыстық күтіледі, ауа температурасы +35 градустан жоғары болуы мүмкін. Орман алқаптарында өрт қауіптілігінің жоғары класы белгіленді. Өрт сөндіру күштері мен құралдары толық дайындық жағдайына келтірілді. Табиғатты қорғау мекемелері өрттің алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізді, – деді инспекция өкілдері.

Мамандар орманның маңызына ерекше тоқталды. Орман – оттегі өндіретін, топырақты су және жел эрозиясынан қорғайтын, құрғақшылық пен ыстық желдердің әсерін төмендететін аса маңызды табиғи қор. Ал өрттерді сөндіруге қомақты қаражат жұмсалады, тілсіз жаудан орман жануарлары мен құстары қырылып жатады.

– Орманға барған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаңыздар, табиғатқа жауапкершілікпен қараңыздар. Табиғатты сақтап қалайық! – деп үндеу тастады инспекция мамандары.

Елизавета Седых

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу